26.12.2022, 10:36 17321

Батыс Қазақстанда елуге жуық елді мекен дербес есептен шығарылуы мүмкін

Облыста соңғы он жылда 60 елдімекен "ауыл" мәртебесінен айырылды
Батыс Қазақстанда елуге жуық елді мекен дербес есептен шығарылуы мүмкін
Сурет: Depositphotos
Орал. 26 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Батыс Қазақстан облысында 49 елді мекен дербес есептен шығарылуы мүмкін, өйткені олардың тұрғындарының саны 50 адамнан кем, сондықтан олар ауыл мәртебесіне сәйкес келмейді.

Батыс Қазақстан облысында соңғы он жылда 60 елдімекен "ауыл" мәртебесінен айырылды.

Халқы үдере көшіп, үй саны күрт азайып кеткен. Ауылдық ағайынның қалаға ағылуына жұмыссыздық пен инфрақұрылымның нашарлығы себеп болыпты. Тағы 49 елдімекенге осындай қауіп төніп тұр. Тақырыпты сол өңірдегі тілшіміз Еркебұлан Смадияров саралап көрді.

Бір кездері бірлігі бекем, тірлігі тиянақты болған Кожевников ауылының қазір сыйқы қашты. Қаз-қатар тізілген үйлер қаңырап бос қалған. Қүтімі болмаған соң, қирап жатыр. Сатып алуға ешкім құлық танытпапты, өйткені инфрақұрылымы жоқ ауылға жан баласы көшіп келгісі келмейді, делінген "Хабар 24" телеарнасының репортажында.

- Мына үйде Куковтар әулеті тұрды, олар кейін Оралға көшіп кетті. Ал мына ғимарат медициналық пункт болды.

Елдімекенде кейінірек құрылған қос агроқұрылымды қоспағанда, байырғы тұрғындардан жалғыз отбасы ғана қалған. Алпысты алқымдаған Виктор Агафонов бұл ауылдың халқын түгел таниды. Өзі осы ауылда туып-өскен. Жас кезінде кеңшарда тракторшы болып еңбек етіпті. "Ол уақытта ауылдастардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған еді" дейді қария.

Кеңес өкіметі тараған соң ауылда жұмыссыздық белең алды. Көбі жақын маңдағы Жданов ауылына көшіп кетті. Енді бірі қалаға, басқасы өзге өңірге кетті. Ауылда біз ғана қалдық. Көшуге ақшам жоқ. Ал айдалада қалған мына үйді ешкім сатып ала қоймайды", - деді Кожевников ауылының тұрғыны Виктор Агафонов.


Елді мекен шаруашылыққа қолайлы жерде орналасқан. Тұрғындар мал бағудан бөлек, бау-бақшамен де айналысқаны байқалады.

Кезінде бұл ауылда 150 шақты үй болған деседі. Байқағанымыздай, әрқайсысының ауласына және көшелердің бойына тал-терек көптеп егілген екен. Бүгінде тұрғын үйлер азып-тозып, қирап жатқанымен тал-теректер әлі сол күйінде", - дейді тілші Еркебұлан Смадияров.


Инфрақұрылымның жоқтығы мен жұмыссыздық ауылдың тоз-тозын шығарды. Облыста қазір 49 елдімекен осындай хәлде. Олар "ауыл" мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Заңнама бойынша "ауыл" статусы болу үшін ауылдағы тұрғындардың саны 50 адамнан кем болмауы тиіс. Жаңағы 49 ауылдық елдімекеніміз 3 жыл ішінде тұрғындарының саны 50-ден көбеюі керек немесе жергілікті билік олар бойынша шешім қабылдап, оларды дербес есептен шығаруы керек. Соңғы он жыл ішінде біздің облысымыз бойынша 60 ауыл өзінің "ауыл" статусынан айырылды", - деп айтты облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.


Бұған қоса ауылдық округтер саны да қысқартылуы мүмкін. Өйткені бірқатар елдімекен "ауыл" мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орталығы ғана қалатын округтер бар. Ал заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден астам тұрғын болуы шарт. Өңірде мұндай талапқа сәйкес келмейтін 26 әкімшілік аумақ тіркеліп отыр. Енді олар берілген мерзім ішінде қайта оңалмаса, мәртебесінен айырылады.


Естеріңізге сала кетейік, ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны іске асыруға триллион теңге бөлінеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар. Негізгі фактор - ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі болып табылады.

Соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблемаларды тудырып отыр. Олардың ішінде инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар", - деп атап өтті министр.


Ақпарат көзі: 24.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны