09.01.2026, 14:25 4786

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылды

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады, деп хабарлайды enpf.kz.

Бұл норма Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға төленетін зейнетақы төлемдеріне қолданылмайды.

Бұрын қалай болды?

Бұрын БЖЗҚ-дан берілетін барлық зейнетақы төлемдері, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері де, табыс ретінде қарастырылып, төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұсталатын.

Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынбай тұрып аударылып, жеке табыс салығы төлем жасау кезінде ұсталатын. Бұл ретте түзету сомалары мен салықтық шегерімдер ескерілді.

Тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ЖТС ұсталатын. Алушы өз қалауы бойынша салықты төлем алған кезінде бірден немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып, төлемдер кестесіне сәйкес төлеу тәсілін таңдай алатын.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қалай болады?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды. ЖТС тек Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға берілетін зейнетақы төлемдерінен ғана ұсталады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС төлеу міндеттемелері жойылады, алайда бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.

Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысқа қатысты тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 882 еселенген мөлшері шегінде салықтық шегерім қолдану құқығына ие.

Бұл санатқа I, II немесе III топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың немесе қорғаншылардың бірі, жетім балаларды асырап алған (қамқорлығына алған) ата-аналардың бірі, әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер және өзге де тұлғалар жатады. Аталған тұлғалардың толық тізбесі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген. Егер осы санатқа жататын алушылар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС-ты бірден төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгініп, жаңа Салық кодексіне сәйкес ЖТС-ты қайта есептеп, қайтару мәселесін БЗТ алынған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыра алады.

Тағы қандай өзгерістер бар?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бұрын бұл шегерімдер Салық кодексінде белгіленген мөлшерде төлем көзінен салық салынатын табысқа қолданылатын.

Бұл ретте жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға өз қызметкерінің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның (қызметкердің) табысы болып есептелмейді. Тиісінше, оған ЖТС салынбайды. Ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатады.

Яғни, бұл жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны