15.03.2022, 13:42 13656

Наурыз айының басынан бері $542 млн-ға интервенция жүргізілді - ҚР Ұлттық Банкі

Бағамның негізсіз күрт ауытқулары кезінде қаржылық тұрақтылық бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында Ұлттық Банк жекелеген күндері валюталық интервенция жүргізді, оның көлемі ақпанда $273,7 млн болды.
Наурыз айының басынан бері $542 млн-ға интервенция жүргізілді - ҚР Ұлттық Банкі
НҰР-СҰЛТАН. 15 НАУРЫЗ - Ұлттық банк наурыз айының басынан бері $542 млн интервенция жүргізді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ҚР Үкіметі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Наурызда қосымша санкцияларға, соның ішінде Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға АҚШ-тың тыйым салуына байланысты Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге қысымды күшейтті. Наурыздың басынан бастап $542 млн интервенция жүргізілді. Биылғы жылғы 14 наурызда теңге бағамы бір доллар үшін 511,74 теңгені құрады", - деді Ұлттық банк төрағасы.

 
Ол геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты қаржы және тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған шоктардың әсерімен дамушы елдердің валюталарымен бірге теңгенің айырбастау бағамы ағымдағы жылғы ақпанда жоғары құбылмалы болғанын атап өтті.
 

Бағамның негізсіз күрт ауытқулары кезінде қаржылық тұрақтылық бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында Ұлттық Банк жекелеген күндері валюталық интервенция жүргізді, оның көлемі ақпанда $273,7 млн болды. Бұл операциялар туралы ақпарат жедел жария етілді", — деді Ғ. Пірматов.

 
Ол Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу үшін конвертациялау операциялары, квазимемлекеттік сектор валютасын сату, экспорттаушылардың бюджетке салықтық төлемдері ұлттық валютаға қолдау көрсеткенін атап өтті.
 
Факторлар балансының негативті жаққа ауысуы, нарықтардағы тәуекел-сентимент теңгенің долларға шаққандағы бағамының ақпанда 495 теңгеге дейін 14,2%-ға әлсіреуіне себеп болды.
 

Қолма-қол шетел валюталары нарығында барынша нарықтық бағам белгілеуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк айырбастау пункттері арқылы теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейту бойынша түзетулер әзірледі", - деп нақтылады Ұлттық Банк басшысы.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерінің алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында ҚР Президентінің Жарлығымен елден $10 000 жоғары қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын, салмағы 100 грамнан асатын тазартылған алтынды, алтын құймаларды әкетуге шектеу енгізілді. Бұл қолма-қол шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды және Ұлттық Банк резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
 
Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық Банк Қазақстанға қолма-қол шетел валютасын жеткізу жөніндегі шаралардың бүкіл тізбесін қабылдауда. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер шоттардағы, депозиттердегі және бағалы қағаздардағы қалдықтар түріндегі өтімді валюталық активтердің жеткілікті көлеміне ие. 
 

Ұлттық Банк шоктарды ретке келтіріп, дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және резервтерді орынды пайдалануға мүмкіндік беретін икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны