04.03.2022, 12:21 27731

ҚР-да халықтың кірісін арттыру бойынша шаралар кешені әзірленді

Шаралар кешенін іске асыру келесі 4 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.
ҚР-да халықтың кірісін арттыру бойынша шаралар кешені әзірленді
НҰР-СҰЛТАН. 4 НАУРЫЗ - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі "Халықтың кірісін арттыру бойынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешенін бекіту туралы" қаулы әзірледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ашық НҚА сайтына сілтеме жасап.
 
Құжаттың мәтініне сәйкес, шаралар кешенін іске асыру келесі 4 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды:
 
1) халықтың еңбек кірістерін арттыру;
 
2) ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың кірістерін арттыру;
 
3) кірістердің сатып алу қабілетін қорғау; 
 
4) кәсіптік бағдар беру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
 
Бірінші бағыт бойынша жалдамалы жұмыскерлердің еңбек кірістерінің өсуін, еңбек өнімділігін арттыру және өндірістік дағдыларды дамыту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.
 
Екінші бағыт бойынша АӨК, өңдеу өнеркәсібін, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру жолымен, оның ішінде халықтың дағдылары мен біліктілігін арттыруды және жастарды қолдауға баса назар аударуды ескере отырып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.
 
Үшінші бағыт бойынша бағаны тұрақтандыру және төмендету, ішкі нарықты молықтыру және халықтың шығындарын қысқарту бойынша шаралар іске асырылатын болады.
 
Төртінші бағыт бойынша кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу және азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.
 

Халық кірістерінің қазіргі жағдайы теріс үрдіске ие. Мәселен, номиналды кірістердің тұрақты оң серпініне қарамастан, 2010 жылы 39,2 мыңнан 2021 жылы 128,4 мың теңгеге дейін (қаңтар-қараша), халықтың нақты кірістерінің өсу қарқыны төмендеуде (2019 жылы 6,4%, 2020 жылы 4,3%, 2021 жылдың 11 айында 3,1%). Бұл экономикалық өсудің баяулауымен (2020 жылы (-2,5%), 2021 жылдың 9 айында - 3,6%) және 2022 жылы да сақталатын жоғары инфляциялық қысыммен (2020 жылы 7,5%, 2021 жылы 8,4%) түсіндіріледі", - делінген құжатта.

 
Сонымен қатар, өңірлер арасында ЖӨӨ бойынша алшақтық сақталып отыр. Мысалы, егер ЖӨӨ деңгейі бойынша 2010 жылы Алматы қаласы Солтүстік Қазақстан облысынан 8,7 есе көп болса, 2020 жылы алшақтық 10 есе мөлшерде болды.
 
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша өңірлер арасындағы теңсіздіктегі алшақтық одан да артық болып отыр. Мәселен, Атырау облысында бұл көрсеткіш 2020 жылы Түркістан облысымен салыстырғанда 17 есеге көп болды.
 

Кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен халық үлесінің өсуі байқалады (2017 жылғы 2,6%-дан 2020 жылы 5,3%-ға дейін). Жалпы, нақты кірістердің тұрақты өсуінің болмауы, салыстырмалы төмен еңбек кірісі, өзін-өзі жұмыспен қамтудың жоғарылығы және халықтың кетуі болашақта нақты кірістердің өсуі бойынша мақсаттарға қол жеткізбеу тәуекелдері болып табылады", - делінген құжат мәтінінде.

 
Құжаттың толық мәтінімен Ашық НҚА сайтында танысуға болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны