12.07.2022, 16:14 11036

ҚР Ұлттық Банкі рубль бағамын "ұстамайды"

ҚР Ұлттық Банкі рубль бағамын "ұстамайды"
НҰР-СҰЛТАН. 12 ШІЛДЕ - Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатында Ұлттық банк валюта саясатында ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстанатынын және рубль бағамын "ұстамайтынын" айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Маусым айында рубльдің бағасы барлық валютаға, ең алдымен, АҚШ дол­ларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай нығаю Ресей Федера­циясында енгізілген капитал қоз­ғалысын шектеу шаралары, энер­гия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары ба­ғалары аясында, импорттың айтарлық­тай қысқаруымен бірге орын алды. Бұрын енгізілген валюта­лық шектеулердің айтарлықтай жеңіл­деуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Ол өз кезегінде, теңгенің Ресей руб­ліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайтынын, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасатынын атап өтті. 
 

Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-сат­тық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ре­сейден әкелетініміз Ресейге апараты­нымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауар­ларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сон­дықтан теңгеге деген сұраныс төмен", - деп нақтылады Ұлттық Банк басшысы.

 
Оның айтуынша, құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және сонымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.
 

Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалды жасауға жол берілмейді", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Ол сондай-ақ доллар бағамына қатысты жағдайға түсініктеме берді.
 

Біз теңге баға­мы­ның құбылу себептерін үздіксіз түсіндіріп келеміз. Бұл ретте қаржылық тұрақтылыққа қауіп-қатерге жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк бағамның шамадан тыс құбылмалылығы кезінде валюталық сауда-саттыққа араласу құқығын сақтайды. Бұған дейін Ұлттық Банктің ресми мәлімдемелерінде айтылғандай, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Оның айтуынша, біз қиын сын-қатерлерге кезігіп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оларға төтеп беріп, қиындықтарды табысты еңсеріп келеді.
 

Атап айтқанда, біз қабылдаған шаралар ақпан айында бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғалар кезінде қаржылық тұрақ­ты­лықты сақтап қалуға сеп болды. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын қазір ешкім тап басып айта алмайтыны анық, бірақ жағдай біршама тыныш. Біз бәріміз қиындықтар мен тәуекелдерді көріп отырмыз, қаржылық институттарымыз тұрақты. Қазіргі уақытта біздің қаржы жүйемізде не болып жатқанына ерекше алаңдаудың жөні жоқ. Рас, көптеген сынақ, тәуекел бар. Бірақ біз кез келген құбылысқа дайынбыз", - деді Ұлттық Банк басшысы.

 
Ол Ұлттық банк жағдайды үнемі бақылап отыратынын, жаңа санкцияларды, басқа елдердегі шешімдердің экономикамыз бен қаржы жүйемізге әсерін сараптайтынын атап өтті. 
 
Естеріңізге сала кетейік, 12 шілдедегі жағдай бойынша рубльге қатысты теңгенің ресми бағамы 7,55 теңгені құрайды. Айта кету керек, маусым айында рубль айтарлықтай нығайды, ол 9 теңгеге дейін нығайған. 2022 жылдың ақпанына дейін рубль бағамы орташа есеппен 5-6 теңгені құрады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны