28.02.2025, 14:03 79741

Сарапшылар Қазақстандағы инфляция бойынша болжамды көтерді

Сарапшылар Қазақстандағы инфляция бойынша болжамды көтерді
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы - сауалнаманың негізгі параметрлері болды.

2025 жылға арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары ақпанда баррель үшін 75 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Ал болжам 2026 және 2027 жылдарға қайта қаралып, 72 АҚШ долларына дейін біраз төмендеді.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2025 жылға арналған болжам 4,7%-дан 4,9%-ға дейін жақсарды. 2026 және 2027 жылдары ЖІӨ өсуі 4,5%-ға теңеседі деп күтілуде.

Аналитиктердің инфляция бойынша болжамдары барлық болжамды кезеңде өсу жағына қарай қайта қаралды. Осылайша, 2025 жылға арналған болжамдардың медианасы 7,5%-дан 8,7%-ға дейін, 2026 жылға - 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2027 жылға - 5,6%-дан 5,8%-ға дейін өсті.

Инфляция бойынша болжамдардың жоғары болуына байланысты 2025 және 2026 жылдарға арналған жылдық орташа базалық мөлшерлемеге қатысты күтулер де арта түсті. Бұл аналитиктер базалық мөлшерлеме көтеріледі немесе ол жоғары деңгейде ұзағырақ сақталады деп күтетінін көрсетеді. 2025 жылға арналған күтулер 14,7%-дан 15,3%-ға дейін, 2026 жылға - 11,8%-дан 12,7%-ға дейін артты. 2027 жылға күтулер 10,5%-дан 10%-ға дейін төмендеді.

Сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді. Макроэкономикалық сауалнамаға қатысушылар қатары BCC Invest және Еуразиялық тұрақтылық және даму қорының аналитиктерімен толықты.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн. Онда қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны