06.09.2022, 15:04 8086

Смайылов көмірмен дүрлікпе жағдайына жол бермеуді тапсырды

Халықтың көмір сатып алу қарқыны төмен болып қалуда.
Смайылов көмірмен дүрлікпе жағдайына жол бермеуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 6 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазақстандықтар уақытылы жылумен қамтамасыз етілуі тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды", — деді Әлихан Смайылов.

 
Баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев халықтың көмір сатып алу қарқынының төмендігі алаңдатарлық мәселе болып қалып отырғанын атап өтті. Разрездерде және қоймаларда көмірдің жеткілікті мөлшерде болуына, сондай-ақ мемлекеттік орган отынның өткен жылғы құнын сақтау үшін шаралар қолданғанына қарамастан, ағымдағы сәтте халық тұтынатын көмір көлемінің 31%-ы ғана сатып алынды.
 
Сондай-ақ, ол автономды қазандықтар үшін 1 млн тонна көмір және 14 мың тонна мазут немесе қажеттіліктің 81 және 88% дайындалғанын хабарлады.
 
ИИДМ басшысы атап өткендей, көмір сатып алудың төмен көрсеткіші Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалса, мазут отынын сатып алудың төмен пайызы Ақмола, Ақтөбе облыстарында орын алып отыр. Жергілікті атқарушы органдар автономды қазандықтар үшін отынды уақтылы сатып алу және жеткізу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы қажет. 
 
Премьер-Министр жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатқанын атап өтті. Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысы.
 
Премьер-Министр жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалғанын атап өтті. 
 

Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет", — деді Әлихан Смайылов.

 
Бұл ретте барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, 1 қазанға дейін барлық жылу электр орталықтары мен дербес жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету керек. 
 
Премьер-Министр көмір жеткізушілермен белсенді байланыс жасап, тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. 
 

Барлық объектілердің жылыту маусымына дайындығы бойынша жұмыстың аяқталуын бақылауды қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында болады", — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны