27.08.2021, 18:05 10085

Қорғаныс министрлігінде Жамбыл облысындағы оқ-дәрілері бар әскери қоймадағы жарылыстың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды

ТАРАЗ. 27 ТАМЫЗ - Қорғаныс министрлігінде Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілері бар әскери қоймадағы жарылыстың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қорғаныс министрлігінде арнайы комиссия құрылып, олар Қорғаныс министрінің басшылығымен Төтенше жағдайлар министрімен бірге әскери-көлік авиациясының ұшағымен 22.00 шамасында Жамбыл облысына ұшып кетті", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінде.

 
Оқиға орнында Қорғаныс министрінің, Төтенше жағдайлар министрінің, Жамбыл облысы әкімінің, мемлекеттік органдардың жедел штаб басшыларының қатысуымен кеңес өткізілді. Оқиға салдарын жою бойынша барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде Қарулы Күштер бөлімшелерінің, төтенше жағдайлар департаментінің, ішкі істердің, әкімдіктің, медициналық мекемелердің іс-қимылдары үйлестірілді. 
 

Әскери қызметкерлер ұшқышсыз ұшу аппараттарының бөлімшелері арқылы қоймадағы жағдайды бақылауды, оқиға аймағын қоршауды ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қорғаныс министрі "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысымен бірге бронды техникамен қойма аумағына кіріп, өрттің таралу динамикасы мен алғашқы салдарын тексерді. Жамбыл облысы әкімінің басшылығымен жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды", - деп атап өтті ведомствода.

 
ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты
 
Өрттің алғашқы минуттарынан бастап дабыл бойынша әскери бөлімнің өрт сөндіру командалары көтерілді, олар шынжыр табанды және дөңгелекті өрт сөндіру техникамен өртті оқшаулауға кірісті. Жамбыл облысы бойынша ТЖД-дан өрт сөндірушілер шақыртылды. 
 
Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. 
 
Инженерлік оқ-дәрілер – бұл табиғи (жартастар, таулар), сол сияқты салынған (ғимараттар, құрылыстар) әртүрлі объектілерді бұзуға арналған құрылғылар. Оларды жаудың техникасы мен адам күшін жою үшін де қолдануға болады. Бұлар – зарядтар, фугастар жеке құрамға қарсы және танкке қарсы миналар, тротил және басқа да жарылғыш заттар. 
 
Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт салдарынан инженерлік оқ-дәрілердің бірнеше жарылысы орын алды. 
 
Оқиға куәгерлерінің жазған видеоларында аспандағы қою түтін іздері қоймада сақталған сигналдық патрондардың жануынан орын алуы ықтимал. 
 
Инженерлік оқ-дәрілер қоймасының артиллериялық және реактивті оқ-дәрілер қоймасынан айырмашылығы онда снарядтар сақталмайды. Өрт пен жарылыс кезінде олар қатты соққы толқынын, ауқымды жалын мен дыбыстық дүмпулер тудырады. Алайда сонымен бірге оқ-дәрілердің ірі бөлшектері, фрагменттері мен қалдықтары жан-жаққа ұшқан жоқ. 
 
19.15-тен бастап әскери қалашықтың 16 үйінің тұрғындарын эвакуациялау басталды. Содан кейін оқиға орнынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан 3 елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау ұйымдастырылды. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер Жамбыл облысының әскери бөлімдеріне жөнелтілді. 
 

Уақыт өте келе жарылыстар тоқтады, алайда өрт жалғасуда. Сонымен қатар, бірқатар инженерлік оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар жанып, жарылыс, дүмпулер, ауқымды жалын мен қатты дыбыстық әсер тудыруы ықтимал", - деп нақтылады Қорғаныс министрлігінде.

 
Әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер қоймасы 1972 жылдан бері бар. Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін 2019 жылдан бастап осы қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылды. Бұл оқ-дәрілер қоймасында алыс қашықтықтағы іс-қимылға арналған снарядтар жоқ. Инженерлік оқ-дәрілер қоймаларда сақталады. Онда жер асты қоймалары жоқ. Аталған әскери бөлімде оқ-дәрілердің басқа түрлері (артиллериялық, реактивті, зениттік, зымырандық, атыс) сақталмайды, деп хабарлады ведомствода.
 
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жағдай толық бақылауда екенін атап өтті.
 

Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толығымен бақылауда. Өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері жұмылдырылды. Апат аумағынан эвакуацияланған тұрғындар үшін облыс орталығынан 400-ден астам жатын орын дайындалды. Қосымша 1000-ға жуық орынды дайындау мүмкіндігі қарастырылған", - деп жазды Бердібек Сапарбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.

 
Ол жарылыс салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
 

Менің басшылығыммен құрылған жедел штаб барлық қажетті шараларды орындауда. Зардап шеккендер медициналық көмек көрсетілетін Тараз қалалық және аудандық ауруханаларына жеткізілді. ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлерімен бірлесіп тиісті шешімдер қабылдануда. Баршаңызды тек ресми деректерге сенуге, жалған ақпарат таратпауға шақырамын", - деді әкім.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны