30.09.2009, 11:25 3551

Венгрияда "Қыпшақтардың бірінші құрылтайы" атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті

Венгрияда "Қыпшақтардың бірінші құрылтайы" атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті

Астана. 30 қыркүйек. Kazakhstan Today - Венгрияда "Қыпшақтардың бірінші құрылтайы" атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР СІМ хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, екі апта бойы Венгрияның Надькуншаг және Кишкуншаг аймағының тарихи "кун-қыпшақтар" қоныстанған бірнеше елді мекендерінде, кундардың Венгрия аумағына қоныстануына VIII ғасырдай болғанына орай "Қыпшақтардың бірінші құрылтайы" атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті.

Мерекелік шаралар венгр қыпшақтары көп қоныстанған Кишкунфельедьхаза, Кунсентмиклош, Кишкунлацхаза, Кишуйсаллаш, кундардың "астанасы" Карцаг және тағы да басқа бірнеше қалаларда тойланды.

Құрылтайдың ресми жиындарында ВР парламенті төрағасының орынбасары Ласло Мандур, ВР парламенті бюджеттік комитетінің басшысы, "Қазақстан-Венгрия" парламенттік ынтымақтастық тобының төрағасы Михай Варга, мәдениет және жергілікті өзін-өзі басқару министрліктерінің өкілдері, 20-ға жуық қала әкімдері Сербия, Румыния мен Словакиядағы қыпшақ ауылдарының өкілдері, Яс-Надькун-Солнок облыстық реформат дінінің басшылары, танымал қоғам қайраткерлері, елшілік дипломаттары, мен шығыстанушы ғалымдар, жергілікті тұрғындар мен тағыда басқа қонақтар қатысты.

Мәдени шаралар барысында, ұлттық нақыштағы фестивальдер мен концерттер, кундардың тарихы, салт-дәстүрлері, тұрмыс-тіршіліктері мен мәдениеті жөнінде ғылыми-танымдық конференциялар мен "дөңгелек үстел" өтті. Шараларға, ҚР Венгриядағы Елшілігі Құрылтайдың Құрметті қонағы ретінде қатысып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытудың көкжиектерін белгіледі.

Осы шаралар аясында елімізді аймақ тұрғындарына кеңінен таныстыруға мүмкіндік туып, оның шеңберінде Қазақстанның заманауи бет-бейнесін көрсететін фото-көрме ұйымдастырылды. Елшілік тарапынан венгр тіліне аударылған президент Н.Назарбаевтың "Қазақстандық жол", "Венгрлерге Қазақстан жөнінде", "Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі" және т.б. еліміз жөніндегі кітаптар мен имидждік материалдар таратылды. Шараға жиналғандарға ҚР тарихы, оның қоғамдық-саяси рөлі, елдегі экономикалық өзгерістер, ҚР президентінің халыққа жолдауы, "Қазақстан халқы ассамблеясы", Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамалары ("Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі", "Илемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері"), сондай-ақ екі жақты байланыстардың дамуы туралы айтылып берілді.

Карцаг қаласында өткен екі апталық мәдени және ғылыми-танымдық шаралардың жабылуының салтанатты жиынында Құрылтайды ұйымдастырушы қоғамдастықтың төрағасы Йожеф Фичор, қала мэрі Шандор Фазекаш және ҚР Елшісі Р.Ыбыраев сөз алды.

Венгр тарапы шараның нәтижелерін қорытындылап, оның табысты өткеніне, кундардың салт-дәстүрлері мен ділін ұмытпауға осындай шаралар көп септігін тигізетініне тоқталып өтті.

Өз кезегінде, Р.Ыбыраев қазақ-венгр қарым-қатынастарына тоқтала келе, оның мәдени, бауырластық аспектісі ерекше екенін мәлімдеді.

Осы контекстте елші екі ел арасындағы қатынастарды Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы перспективалары, "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасының тармақтарымен ұштастырудың мүмкіндіктеріне де тоқталып өтті.

Қазақ дипломаты кун-қыпшақтарды осынау айтулы шарамен құттықтай келе, тарихи игі шараның болашақта да жалғасын табарына сенімін білдіріп, 2007 жылы ҚР президенті Н.Назарбаевтың Венгрияға сапары барысында кундар тарапынан қыпшақтардың Құрметті көсемі сайланған Елбасымызға, олардың сәлемдерін жеткізетінін мәлімдеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны