11.03.2026, 09:33 3461

АЭХА Басқарушылар Кеңесі Қазақстанның егеменді теңдік қағидатын ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін қолдады

АЭХА Басқарушылар Кеңесі Қазақстанның егеменді теңдік қағидатын ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін қолдады
Сурет: gov.kz
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Басқарушылар Кеңесі Қазақстан бастамасымен өзінің тұрақты сессиясы барысында мүше мемлекеттердің егеменді теңдігін қалпына келтіру мәселесін қарауды жалғастырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде егеменді теңдік мәселесі Агенттік басқаруында барлық мүше мемлекеттердің әділ әрі инклюзивті қатысуын қамтамасыз ететін негізгі қағида болып қала беретінін атап өтті. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан 2022 жылдан бастап АЭХА Басқарушылар Кеңесі және Бас конференциясының күн тәртібіне бұл тармақты жүйелі түрде енгізуді бастады.

Қазақстан елшісі АЭХА-да егеменді теңдікті қалпына келтіру жөніндегі 2023 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстан ұсынған қарардың қолдауымен Агенттік өңірлік топтарына кірмейтін мемлекеттердің саны 17-ден 12-ге қысқарғанын атап өтті. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап Бахрейн, Бруней-Даруссалам, Қазақстан, Камбоджа және Непал Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия, Қиыр Шығыс және Азия-Тынық мұхит өңірлік топтарына қосылды. Сонымен қатар, қалған 12 мемлекетті өңірлік топтарға қосу жұмысы жалғасуы қажет екенін ерекше тоқталды.

АЭХА мүше мемлекеттері Басқарушылар Кеңесінде егеменді теңдік мәселесін талқылау бастамасын тағы да көтергені үшін Қазақстанға алғыстарын білдіріп, елімізді Қиыр Шығыс тобына қосылғанымен құттықтады. Сонымен қатар, қатысушылар басқа өңірлік топтарды АЭХА Бас конференциясының қарары аясында жаңа мүшелерді қабылдауда барынша икемділік танытуға шақырды.

Талқылаулар барысында мүше-мемлекеттер Басқарушылар Кеңесінің құрамын АЭХА жарғысының 6-бабына өзгерістердің тезірек күшіне енуі арқылы кеңейтуді қолдайтындықтарын білдіріп, бұл Агенттік директивалық органында мүше мемлекеттердің географиялық теңдестірілген өкілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны