12.06.2024, 20:20 44961

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен. Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Республикасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін Президент Юн Сок Ёльге шынайы ризашылығын білдірді және бұл күнді қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы оқиға деуге толық негіз бар екенін айтты. - Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екенімізді таныттық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді. - Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр, - деді Мемлекет басшысы. Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына тоқталды. - Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микро-қаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын, - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президентінің айтуынша, тараптар ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты ұдайы нығайтып келеді. - Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Усонг университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталады, - деді Президент. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге айрықша назар аударылды. - Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатпен екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана - Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз, - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді. - Астана мен Сеулдің өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогын одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл мәселе бойынша бүгінгі келіссөздер барысында кең ауқымды әңгіме болды. Мен корей тарапының осы форматтағы алғашқы саммитті келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл бастама екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін берері анық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президентімен халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасқанын, сондай-ақ жаһандық үдерістерге қатысты ой бөліскенін айтты. - Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы, дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Оның мызғымас негізі - Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік, - деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды. - Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік, - деді Корея Республикасының Президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны