21.01.2026, 17:57 3246

Қазақстан мен БАӘ сарапшылар диалогын нығайтуда

Қазақстан мен БАӘ сарапшылар диалогын нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек Әмірліктердің стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының (ECSSR) Бас директоры Сұлтан Мұхаммед әл-Нуаимимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Р.Жұмабек Әмірлік тарапқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтай отырысында бастамашылық еткен саяси және институционалдық реформалары туралы мағлұмат берді. Аталған реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және экономикалық дамуды ынталандыруға бағытталғаны атап өтті.

Екіжақты өзара іс-қимылдың келешегін талқылау барысында тараптар Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен ECSSR арасындағы жүйелі ынтымақтастықты дамытуға өзара қызығушылық білдірді. Тараптар стратегиялық және геосаяси зерттеулер, экономика, орнықты даму, климат, технологиялар және болжау салаларында институционалдық әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін растады.

Әмірліктер тарапы Астана халықаралық форумына қатысуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Қазақстанның 2026 жылы Астана қаласында БҰҰ қолдауымен Өңірлік экологиялық саммитті өткізу бастамасына қолдау білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚСЗИ мен ECSSR арасында одан әрі ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін пысықтау мақсатында онлайн-кездесу өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны