17.12.2025, 19:55 4806

Қазақстан мен Мажарстан стратегиялық экономикалық және инвестициялық серіктестікті нығайтуда

Қазақстан мен Мажарстан стратегиялық экономикалық және инвестициялық серіктестікті нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық даму және өнеркәсіп жөніндегі мемлекеттік хатшысы Мате Лога мырзамен және Мемлекеттік хатшының орынбасары Мартон Бокай мырзамен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Тараптар Мажарстанның Қазақстан үшін Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктес екеніне назар аударды. Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқаны қанағаттанушылықпен аталып өтіп, оны одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік білдірілді.

Елші А.Сапарбекұлы Мажарстанға экспорт құрылымын әртараптандыруды және металлургия, мұнай-химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс материалдары салаларындағы өнімдер есебінен экспорт көлемін 700 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын растады. Инвестициялық ынтымақтастық саласында Мажарстан Қазақстанның маңызды серіктесі ретінде бағалап, 2005 жылдан бері Мажарстаннан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 409 млн АҚШ долларынан асқанына мән берді.

Кездесу барысында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының қызметіне ерекше назар аударылды. 2008 жылы құрылған Комиссия екіжақты экономикалық қатынастарды дамытудағы маңызды алаңға айналды. Тараптар Комиссияның 9-отырысын 2026 жылы Астанада өткізуге үміт білдіріп, бұл сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Осы орайда 2023 жылы өткен Комиссияның 8-отырысының Хаттамасы аясында қабылданған келісімдердің орындалу барысы туралы ақпарат алмасудың және келесі отырыстың күн тәртібіне енгізілетін жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылаудың маңыздылығы аталып өтті.

Екіжақты ынтымақтастықтағы маңызды бастамалардың бірі - бастапқы капиталы 100 млн АҚШ долларын құрайтын Қазақстан-Мажарстан бірлескен инвестициялық қорының құрылуы. Тараптар осы Қорды құру жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселесін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға және екі ел экономикасының орнықты дамуына бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны