16.01.2026, 12:36 1216

Қазақстан мен Әзербайжан өңірде жаңа архитектураны бірлесе қалыптастыруда

Қазақстан мен Әзербайжан өңірде жаңа архитектураны бірлесе қалыптастыруда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасы Президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Хикмет Гаджиевпен кездесті. Тараптар өткен жылғы екіжақты ынтымақтастықты қорытындылай отырып, алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ә.Байел өзара сапарлардың жоғары қарқынын ынтымақтастықтың тығыздығын айқындайтын маңызды көрсеткіш ретінде атап өтті. Соңғы үш жылда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға алты рет, ал Президент Ильхам Әлиев Қазақстанға бес рет сапармен келген.

2025 жылғы 8 тамызда Әзербайжан мен Армения арасындағы көпжылдық жанжалға нүкте қойылғанына назар аударылды. Бейбіт реттеу жөніндегі тарихи декларацияға қол қойылды. Қазақстан да бейбіт процеске өз үлесін қосып, 2024 жылы әзербайжан-армян келіссөздеріне алаң ұсынған болатын. Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға соңғы 30 жылда алғаш рет жіберілген жүк ретінде қазақстандық бидайдың өтуі символдық әрі практикалық маңызға ие екені айтылды. Тараптар коммуникацияларды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

2025 жылғы маңызды оқиғалардың бірі Әзербайжанның Орталық Азия көшбасшылары саммиттері форматына толыққанды қосылуы болды. Қазақстан бұл процеске жан-жақты қолдау көрсетті. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев әзербайжандық баспасөзге берген мәлімдемесінде Әзербайжанды "C5 + АҚШ" форматында көргісі келетінін атап өтті.

Тараптар бірлескен инвестициялық қорды пайдалана отырып, экономикалық және өнеркәсіптік кооперацияны күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ көлік-логистикалық және энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына мән берді. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Қазақстан мен Әзербайжан Еуразия кеңістігінде жаңа геосаяси және геоэкономикалық архитектураны қалыптастыруға бірлесіп белсенді қатысып отырғаны айтылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны