08.05.2025, 18:52 47666
Қазақстан президенті Мьянма премьер-министрімен кездесу өткізді
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма Премьер-министрі Мин Аун Хлайнмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы ең алдымен Премьер-министр Мин Аун Хлайнға жуырда Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет әрқашан өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынастарды сақтап келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жол ашатын мол әлеует бар екені айтылып, саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайту перспективасын зерделеу мәселесі қарастырылды.
Қазақстан Президенті бизнес қауымдастық өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастырып, экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беруді ұсынды.
Мьянма Премьер-министрі осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, кездесуде мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік-логистика салаларында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
17.06.2025, 17:50 7556
Президент екінші "Орталық Азия - Қытай" саммитіне қатысты
Достарға айту
Президент екінші "Орталық Азия - Қытай" саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Саммитті ашқан Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасына және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшыларына ілтипат білдірді.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.
Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.
Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл - рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.
Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.
Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан "Бір белдеу, бір жол" мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы "Батыс Қытай - Батыс Еуропа", Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және "Солтүстік - Оңтүстік" секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі "Құрық" портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады.
Әлемдегі уран қорының 20 пайызы, мұнайдың 17 пайыздан астамы, табиғи газдың 7 пайызы, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Яғни бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің "Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын" құру бастамасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар бүгінгі Саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын "Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта" көрініс табатынына сенім білдірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды. Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.
Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. "Қазақстандағы Қытай туризмі жылына" орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды "Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы" деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.
Қазақстан білім беру инфрақұрылымын жасақтауға және жаңа технопарктер ашуға белсенді түрде кірісті. Осы орайда Қытайдың алпауыт технологиялық компанияларының қатысуымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға бейіл. Президенттің пікірінше, кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, "жасыл", индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы "Орталық Азия - Қытай" форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды.
Президенттің пікірінше, бүгінгі Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде "Орталық Азия - Қытай" форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.06.2025, 19:58 9721
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды. Мемлекет басшысының айтуынша, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары - шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қытай Халық Республикасы - Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ",- деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа "алтын кезеңге" қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.
Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіздің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.
Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және "Орталық Азия - Қытай" форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл - рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық саладағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. 2025 жыл "Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы" болып жарияланды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.
Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел", - деді Президент.
Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл - тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін", - деді ҚХР Төрағасы.
Келіссөз барысында екі ел ынтымақтастығының барлық бағыт бойынша перспективасы талқыланды. Байырғы достық пен өзара құрметке арқа сүйеген екі ел басшылары емен-жарқын әңгімелесті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды
Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.
Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2025, 13:25 23631
Қазақстан мен Словакия тығыз қарым-қатынаста - Тоқаев
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Ақордада елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Словакияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президент шағын құрамдағы келіссөз барысында Премьер-министрдің елімізге жасаған сапары қазақ-словак серіктестігін нығайтып, екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті, мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын", - деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі қос елдің қарым-қатынасына тың серпін беруге және Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты өрістетуге дайын екенін жеткізді.
Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін", - деді Роберт Фицо.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.06.2025, 18:03 26221
Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасын қабылдады
Достарға айту
Президент ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, Финляндияның Сыртқы істер министрі Элина Валтоненді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы күрделі кезеңде басқарып отырған Элина Валтоненнің қызметіне қолдау білдірді.
Биыл біз Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өтеміз. Жарты ғасыр өтсе де бұл құжат егемендік, аумақтық тұтастық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын бекіте отырып, еуропалық қауіпсіздіктің негізі болып қала бермек. Қазақстан осы құндылықтарды берік ұстанады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ-фин байланыстарының жай-күйіне жоғары баға берді. Финляндияны Астананың Скандинавия аймағындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі деп атап, қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға әзір екенін мәлім етті.
Өз кезегінде Элина Валтонен ЕҚЫҰ Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысты дамытуға баса мән беретініне тоқталды.
Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын бекітуге үлкен күш-жігер жұмсап отырсыз. Соның арқасында еліңіз өзін аймақта және әлемде ықпалды орта держава ретінде танытты. Қазақстан ЕҚЫҰ секілді ұйымдардың жұмысына белсенді атсалысу арқылы жаһандық деңгейдегі беделін нығайта береді. Біз Сіздің қазіргідей күрделі кезеңдегі, әсіресе, экономика және экология салаларындағы қызметіңізді жоғары бағалаймыз. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық кеңсесімен ынтымақтастық айтарлықтай табысты дамып келеді", - деді ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Александр Стуббқа сәлем жолдап, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз ықпалдастыққа дайын екенін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.06.2025, 14:42 31606
Болгария - Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі - Тоқаев
Достарға айту
Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-болгар серіктестігін одан әрі нығайту тұрғысынан Румен Радевтің сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.
Болгария - Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор", - деді Қазақстан Президенті.
Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар елдеріміздің арасындағы серіктестік деңгейіне жоғары баға беріп, барлық салада байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым", - деді Болгария Президенті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2025, 17:29 44126
Қазақстан мен Иран президенттері сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы талқылады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Иран Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президенттер бірін-бірі барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан екі елдің достыққа, тату көршілікке негізделген қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы қарастырылды.
Тараптар алдағы кездесулердің кестесін талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2025, 09:37 45551
Қазақстанға Болгария президенті ресми сапармен келеді
Достарға айту
8-9 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Болгария Президенті Румен Радев елімізге ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында қазақ-болгар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының перспективасы талқыланады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2025, 14:39 54831
Тоқаев Кароль Тадеуш Навроцкийді Польша Президенті болып сайлануымен құттықтады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Польша Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кароль Тадеуш Навроцкийді Польша Президенті болып сайлануымен құттықтады.
Еліңіздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баянды етіп, халқыңыздың ырыс-берекесін еселеу жолындағы игі бастамаларыңыз бен қолға алған жоспарларыңыздың табысты жүзеге асуына шынайы тілектеспін. Қазақстан мен Польша арасындағы дәстүрлі достық пен өзара түсіністік рухындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Өзіңізбен бірлесе күш-жігер жұмылдыруға дайын екенімді растаймын", - деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кароль Тадеуш Навроцкийдің аса жауапты қызметіне сәттілік, достас Польша халқына құт-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
19.06.2025, 14:53Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылды 19.06.2025, 14:54 73891Мемлекет басшысы "Дәулет" теннис орталығына барды16.06.2025, 10:46 69516Еркін Тұқымов ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі болып тағайындалды17.06.2025, 10:35 64946Алматы қаласында SIM KIDS жобасы ресми түрде іске қосылды17.06.2025, 10:29 64511Қазақстан мен Қытай сейсмикалық қауіпсіздік орталығын құрады
23.05.2025, 16:58 175341ҚТЖ балаларды пойызда тасымалдау ережелерін еске салды02.06.2025, 17:03 138916Алматыда "Алма-Арасан" бұлағына бару уақытша шектеледі05.06.2025, 17:53 133166Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 37,3 млрд АҚШ долларына жетті05.06.2025, 17:14 133011Қазақстан Бахрейнге әуе қатынасы ашты03.06.2025, 14:47 132901Мемлекет басшысына әлеуметтік даму, еңбек қатынастары салаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды