12.06.2024, 13:36 44601
Қазақстанда Оңтүстік Корея капиталы бар 700-ден астам компания табысты жұмыс істеуде - Тоқаев
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің "негізгі жаһандық мемлекет" ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сеул - Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалогқа қол жеткізгенін, табысты экономикалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.
- Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жастар мемлекеттер арасындағы "достықтың алтын көпірі" саналады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Юн Сок Ёль қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, биыл Корея Республикасы мен Қазақстан арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 15 жыл толғанын атап өтті.
- Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі - Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті, - деді Корея Президенті.
Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды және конструктивті келіссөз жүргізгені үшін корей тарапына ризашылық білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
08.09.2026, 16:19 1576
Тоқаев Солтүстік Македония президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Достарға айту
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Солтүстік Македония Республикасының ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жеделхатта достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты қарым-қатынас дәйекті түрде дамып келе жатқаны атап өтілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованың қызметі мен игі бастамаларына толайым табыс, ал Солтүстік Македония халқына құт-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.09.2026, 14:58 3356
Еліміздің азық-түлік өнеркәсібі саласына жапондық өндірістік технология енгізілмек
Достарға айту
Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев қазақстандық "Shin-Line" компаниясы мен азық-түлік өнімдерін өндіру және мейрамхана бизнесін дамытуға маманданған жапондық "Shigemitsu Industry" компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Аталмыш іс-шара ҚР Жапониядағы Елшілігінде өтті.
Бұл альянс Жапонияның танымал AJISEN RAMEN брендін Қазақстанда дамытуға және кейіннен оны өңір елдерінің нарықтарына шығаруға бағытталған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты - "Shigemitsu Industry" өнімдерін озық жапон технологиялары мен өндірістік стандарттарды пайдалана отырып, Қазақстанда Халал талаптарын ескере отырып кезең-кезеңімен жергіліктендіру.
Бірінші кезеңде Алматы облысының Байсерке ауылындағы "Shin-Line" кәсіпорнының аумағында орталықтандырылған өндірістік база құру және Алматы қаласында брендтің алғашқы флагмандық мейрамханасын ашу жоспарлануда.
"Бұл жоба шикізаттық емес секторлардағы Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің нақты нәтижесі. Кәсіпорынның іске қосылуы жапон технологиялары мен басқарушылық тәжірибесін тартуға, тамақ өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді",- деп мәлім етті дипломат.
Алдағы уақытта тараптар Орталық Азия елдерінде желіні дамытуды жоспарлап отыр. Ұзақ мерзімді перспективада ЕАЭО, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі қарастырылуда. Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру ішкі нарықты, сондай-ақ көршілес мемлекеттердегі желінің әлеуетті нысандарын өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жапон тарапы үшін бұл жоба брендті Орталық Азия өңірінде ілгерілетуге және Қазақстанды негізгі өндірістік әрі логистикалық платформа ретінде пайдалануға кең мүмкіндіктер ашады.
Тиісті құжатқа Қазақстан тарапынан "Shin-Line" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Шин, жапон тарапынан "Shigemitsu Industry" компаниясының президенті Кацуаки Шигэмицу қол қойды.
"Shigemitsu Industry" компаниясының тарихы 1968 жылдан бастау алады және азық-түлік өнімдерін өндіру мен мейрамхана бизнесі саласында көпжылдық тәжірибеге ие. Компания халықаралық франчайзингпен, азық-түлік өнімдерін өндірумен, кадрлар даярлаумен және жаңа өнімдер әзірлеумен айналысады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.09.2026, 13:13 4211
Кувейт Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына қызығушылық танытуда
Достарға айту
Кувейт Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына қызығушылық танытуда. Бұл туралы ҚР Кувейт Мемлекетіндегі елшісі Ержан Елекеев Кувейт ғылыми зерттеулер институтының (Kuwait Institute for Scientific Research, KISR) Бас директоры Файсал Әл-Хумайданмен кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын, оның ішінде су қауіпсіздігі саласында KISR мен Қазақстанның бейінді ғылыми-зерттеу институттары және ұйымдары арасында тікелей байланыстар орнату мәселелерін қарастырды.
"Тараптар су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқару саласындағы ғылыми әзірлемелер мен практикалық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, соның ішінде Қазақстанның трансшекаралық су ресурстарын басқару және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасауда жинақтаған тәжірибесін талқылады", - деп жазылған хабарламада.
Дипломат өз кезегінде Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті. Кувейт тарапы аталған бастамаға қызығушылық танытып, су қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігін және осы бағыттағы халықаралық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар мұнай өңдеу, мұнай-химия және озық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Тараптар мұнайды терең өңдеу, сутегі технологиялары мен озық материалдар, оның ішінде "жасыл" сутегі, сондай-ақ асфальтендерді өңдеу арқылы графен және басқа да көміртекті материалдар алу салаларында бірлескен зерттеулер жүргізу және технологиялар алмасу перспективаларын қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында тікелей байланыстарды дамытуға өзара мүдделілігін растады және ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен бірлескен жобаларды одан әрі пысықтауға уағдаласты.
Кувейт ғылыми зерттеулер институты (KISR) 1967 жылы құрылған және Кувейттің жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі болып табылады. Институт қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіп, мемлекеттік және жеке секторларға ғылыми-техникалық қолдау көрсетеді. KISR-де шамамен 1,4 мың адам жұмыс істейді, оның ішінде 580-нен астамы - зерттеушілер мен инженерлер. Институт қызметі төрт негізгі бағытты қамтиды: мұнай және су саласындағы зерттеулер, энергетика және құрылыс, сондай-ақ қоршаған орта.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.09.2026, 12:51 4926
Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуды көздейді
Достарға айту
Қырғыз тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Қырғызстан СІМ басшысы қазақстандық әріптесін жоғары лауазымға тағайындалуымен жылы құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.
Дипломаттар сондай-ақ, қазақ-қырғыз одақтастық қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жан-жақты жәрдемдесуге өзара мүдделік танытты.
Сонымен қатар, министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін қарастырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.09.2026, 12:42 4691
Лаос президенті Алматыға келді
Сурет: ҚР СІМ Алматы қаласындағы Өкілдігі
Достарға айту
Қазақстанға ресми сапары аясында Лаос президенті Тхонглун Сисулит Алматыға келді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінен.
Сапар барысында Лаос басшысы қаланың туристік мүмкіндіктерімен танысты. Іс-шаралар Қазақстан мен Лаос арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Министрлік бұл іссапардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Тхонглун Сисулит 3 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Тоқаев Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі деп атады.
Сапар аясында Қазақстан мен Лаос Сыртқы істер министрліктері саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ Лаостың Қазақстаннан астық пен ет жеткізуге қызығушылық танытқаны хабарланған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.09.2026, 10:59 6096
Орталық Азия елдері ядролық қарусыздануды жеделдетуге шақырды
Достарға айту
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің сыртқы істер министрлері Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінен.
Өңір елдері ядролық қарусыздануды жеделдетуге, қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін әзірлеуге және жаңа ядролық таласқа жол бермеуге шақырды.
Шартқа 2006 жылдың 8 қыркүйегінде Семейде қол қойылған болатын. Оған қатысушылар ядролық қарусыз әлемге бейілділігін тағы да мәлімдеп, ядролық қаруды қолдану мен сынаудың апатты гуманитарлық салдарын еске салды.
СІМ басшылары ядролық қарудан азат аймақтар оның таралуына жол бермеудің және де жаһандық қарусыздану үдерісін нығайтудың маңызды құралдарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Сондай-ақ мәлімдемеде XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, көршілес татулық және ынтымақтастық туралы шарттың рөлі айтылды. Министрлер Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясын Өзбекстан алғаш рет 1993 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынғанын еске салды.
Мәлімдеме жасаушы елдер мұндай аймақтың құрылуын Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін біріктірудің табысты үлгісі деп атады. Олардың бағалауынша, бұл қадам ядролық қаруды таратпау режимін, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті, сондай-ақ бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық пен радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарын нығайтты.
Құжатта сондай-ақ Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қоюға ашылғанына 30 жыл толғаны атап өтілді. Министрлер ядролық жарылыстар мен олардың зардаптарынан қаза тапқандарды еске алды.
Бірлескен мәлімдемеде мынадай ережелер қамтылған:
Орталық Азия елдері Семей шартына бейілділігін растады
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері 2006 жылдың 8 қыркүйегінде Семейде қол қойылған Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа бейілділігін тағы да растады.
Мәлімдемеде шарт бес елдің өңірдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екені атап өтілді.
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін осындай алғашқы әрі жалғыз аймақ болып қала береді.
СІМ басшыларының пікірінше, шарт жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып келеді. Бұл ретте Орталық Азия бұрын ядролық қару сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық күш-жігердің көшбасшыларының біріне айналды.
Сыртқы істер министрлері Ядролық қаруды таратпау туралы шартның негізгі рөлін растады
Өңір елдері Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмау және оны толық жою жөніндегі халықаралық күш-жігердің негізі деп атады.
Министрлер ЯҚТШ-қа қатысушы мемлекеттердің он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытынды құжат қабылданбай аяқталғанына өкініш білдірді. Олардың пікірінше, бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласында келіспеушіліктер мен сенім тапшылығының сақталып отырғанын көрсетеді.
Орталық Азия елдері ЯҚТШ қатысушыларын адал келіссөздерді жалғастыруға және шарттың барлық үш бағыты: ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді орындауға шақырды.
Мемлекеттер ядролық қару-жарақтың жаңа бәсекесіне жол бермеуге шақырды
Министрлер ЯҚТШ-ның VI бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында елеулі ілгерілеудің болмауына қатты алаңдаушылық білдірді.
Мәлімдемеде сондай-ақ қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына және ядролық арсеналдардың жаңғыртылуына назар аударылды.
СІМ басшылары ядролық қаруға ие мемлекеттердің ерекше жауапкершілігін атап өтіп, оларды қарусыздану жөнінде келіссөздер жүргізуге шақырды.
Сонымен қатар өңір елдері ядролық қарулану жарысының алдын алуға мүмкіндік беретін қару-жарақты бақылаудың жаңа, тексерілетін тетіктерін шұғыл әзірлеуді қолдады.
Орталық Азия елдері МАГАТЭ ұйымының жұмысын қолдады
СІМ басшылары ЯҚТШ ережелерін жүзеге асырудағы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қызметіне қолдау білдірді.
Бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты, кепілдіктерді қолдануды және МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттердің ядролық бағдарламаларын мониторингтеуді қамтиды.
Министрлер ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін жеделдетуге шақырды
Орталық Азия елдері Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне енуін қолдады. 2026 жылдың 24 қыркүйегінде шарттың қол қоюға ашылғанына 30 жыл толады.
Министрлер ядролық сынақтарға халықаралық тыйымды сақтау және нығайту қажеттігін атап өтіп, оған нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырды.
Мәлімдемеде қарусыздану және таратпау саласындағы ағартушылыққа, сондай-ақ жастарды халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартуға ерекше назар аударылды.
Мемлекеттер Қырғызстанның бастамасымен бекітілген Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ағарту халықаралық күнін одан әрі ілгерілетуді қолдады. Ол жыл сайын 5 наурызда - ЯҚТШ күшіне енген күні атап өтіледі.
Сондай-ақ, министрлер БҰҰ-ның қарусыздану және таратпау саласындағы білім беру мәселелері жөніндегі зерттеу ұсынымдарының және БҰҰ Бас хатшысының "Ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі" бағдарламасының өзектілігін атап өтті.
Мемлекеттер АҚШ-ты шарт хаттамасын ратификациялауды аяқтауға шақырды
Сыртқы істер министрлері 2014 жылдың 6 мамырында ядролық қаруға ие мемлекеттердің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қауіпсіздік кепілдіктері туралы хаттамаға қол қоюын құптады.
Қазіргі уақытта аталмыш хаттаманы ядролық қаруға ие төрт мемлекет қана ратификациялаған.
Орталық Азия елдері АҚШ жақын арада оны ратификациялауды аяқтайды деген үміттерін білдірді.
Орталық Азия басқа ядролық қарусыз аймақтармен ынтымақтастық жасауды кеңейтуге ниетті
Аймақ елдері Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты одан әрі институционалдық тұрғыда дамытуға және ядролық қарудан азат басқа аймақтармен әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Мұндай ынтымақтастықтың мақсаты ретінде жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық күш-жігерді біріктіру аталды.
Мәлімдемеде Африка атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (AFCONE) және Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйыммен (OPANAL) өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылғаны құпталды.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 28-29 тамызында Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткен ядролық қарудан азат барлық қолданыстағы аймақтар өкілдерінің екінші кездесуі атап өтілді.
Мемлекеттер қауіпсіздікке төнетін қатерге қарсы тұруда бірлесіп әрекет етпек
Министрлер өңірлік қауіпсіздікті нығайтуды Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығының негізгі шарттарының бірі деп атады.
Бес мемлекет ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұруда тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.
Мемлекеттер жаңа ядролық қарусыз аймақтар құруды қолдады
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері әлемнің мұндай аймақтар әлі құрылмаған өңірлерінде ядролық қарудан азат жаңа аймақтар құруды қолдады.
Мәлімдемеде Таяу Шығыста осы тектес аймақ құру мүмкіндігі жеке атап көрсетілді.
СІМ басшылары БҰҰ шешімдері мен Ашхабадтағы кездесуді атап өтті
Министрлер БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында "Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт" қарарының қабылдануын құптады.
Олар сондай-ақ 2024 жылдың 5 желтоқсанында Түрікменстанның төрағалығымен Ашхабадта өткен шартқа қатысушы мемлекеттердің мерейтойлық кездесуін атап өтті. Оған ядролық қарудан азат басқа қолданыстағы аймақтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
07.09.2026, 20:29 13191
Қазақстан мен БАӘ экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Кездесу барысында саяси диалогтың оң қарқыны алып келе жатқандығы атап өтілді
Достарға айту
ҚР cыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстандағы БАӘ елшісі Мұхаммед Әл-Арикимен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы ічтер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тараптар Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Саяси диалогтың оң қарқыны атап өтіліп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілік білдірілді.
Сондай-ақ, олар биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысына, екіжақты байланыстар мен іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Дипламаттар Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал бойынша жан-жақты пікір алмасып, өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
07.09.2026, 18:49 14881
Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің СІМ басшыларымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Достарға айту
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Әзербайжан, Армения, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен телефон арқылы келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінен.
Әріптестері Мұхтар Тілеубердіні Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ белсенді екіжақты өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іс-жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.
Тараптар алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың кестесін де қарастырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
INTERNET TELEVISION
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
08.09.2026, 09:47Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді 08.09.2026, 09:11 11066Маңғыстауда қысқа дайындық аясында 500 шақырымнан астам электр желісі жаңартылды08.09.2026, 10:26 10401Бектенов жаңартылған Үкіметтің міндеттерін анықтап берді08.09.2026, 10:54 9686Қазақстанның өзен-көлдері мен су қоймалары бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілді08.09.2026, 10:12 6246Еліміздің бес өңірінде бизнеске қолдау көрсету орталықтары өз жұмысын бастайды
03.09.2026, 17:22 82766Қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайлардан қорғау және жастар саясаты: жаңа министрлерге міндеттер жүктелді03.09.2026, 18:50 79536Тоқаев еліміздің СІМ жаңа басшысына негізгі міндеттерді айқындап берді04.09.2026, 20:49 70236Мадиев пен Binance негізін қалаушы Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуды талқылады04.09.2026, 10:08 66661Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды04.09.2026, 16:22 64486Тоқаев экология министріне қалдықтарды қайта өңдеу және ормандарды қалпына келтіру міндеттерін жүктеді
03.09.2026, 17:22 82766Қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайлардан қорғау және жастар саясаты: жаңа министрлерге міндеттер жүктелді03.09.2026, 18:50 79536Тоқаев еліміздің СІМ жаңа басшысына негізгі міндеттерді айқындап берді04.09.2026, 20:49 70236Мадиев пен Binance негізін қалаушы Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуды талқылады04.09.2026, 10:08 66661Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды04.09.2026, 16:22 64486Тоқаев экология министріне қалдықтарды қайта өңдеу және ормандарды қалпына келтіру міндеттерін жүктеді

