19.12.2025, 19:56 7106
Бангкокта онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция өтті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан 2025 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Бангкок қаласында өткен Онлайн-алаяқтыққа қарсы жаһандық серіктестік жөніндегі халықаралық конференцияға (International Conference on the Global Partnership against Online Scams) қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Аталған іс-шараны Таиланд Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға онлайн-алаяқтық, киберқылмыс және онымен байланысты трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресте халықаралық деңгейде үйлестірілген шараларды талқылау мақсатында министрлер, вице-министрлер, елшілер, мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, сондай-ақ жеке сектор мен азаматтық қоғамның жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Жоғары деңгейдегі сегмент аясында бағдарламалық баяндамалармен Таиланд, Үндістан және Индонезия сыртқы істер министрлері, сондай-ақ өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және трансұлттық қылмыстық топтар пайдаланатын қаржылық ағындарды тоқтату мәселелері бойынша ұлттық тәжірибелерімен және тәсілдерімен алмасты.
Тақырыптық сессиялар барысында онлайн-алаяқтық саласындағы қылмыстарды тиімді тергеу мен қылмыстық қудалау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, заманауи цифрлық технологияларды қолдану және киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша Онлайн-алаяқтыққа қарсы жаһандық серіктестіктің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжатта халықаралық үйлестіруді одан әрі нығайту және заманауи киберқауіптерге қарсы келісілген әрекет ету шараларын әзірлеу жөніндегі ұсынымдар қамтылған. Аталған мәлімдеменің тең демеушілері (co-sponsors) қатарында Перу Республикасы, Бангладеш Халық Республикасы және TikTok компаниясы бар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
19.12.2025, 21:12 5661
Қазақстан мен БҰҰ Даму Бағдарламасы ынтымақтастықты нығайту және 2026 жылға арналған жоспарларды талқылады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесуі өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар осы жылдың қорытындыларын және Қазақстанның БҰҰДБ-мен одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылады.
Атап айтқанда, БҰҰДБ-ның Қазақстан үшін 2026-2030 жылдарға арналған елдік бағдарламасының қабылдануы, шілде айында Нью-Йоркте ОДМ іске асыру бойынша үшінші ерікті ұлттық шолудың табысты ұсынылуы, сондай-ақ денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, білім беру және басқа да салалардағы әріптестіктің нәтижелері аталып өтті.
Сонымен қатар, БҰҰДБ-мен жақында Алматыда ашылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша Өңірлік орталық шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ БҰҰДБ-ның Өңірлік даму бағдарламасын еліміздің басқа аудандарына кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.
Климат, экология және су ресурстарын басқару, оның ішінде Арал теңізінің жай-күйіне байланысты мәселелер де сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында маңызды талқылау тақырыбына айналды. Осыған орай БҰҰДБ өкілдері Саммит аясында Орталық Азия үшін климаттық және экологиялық инвестициялардың өңірлік портфелін қалыптастыруға арналған жоғары деңгейдегі іс-шара өткізу жоспарын хабарлады.
Бұдан басқа, кездесу барысында ресми ашылуы желтоқсан айында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланған орнықты даму мүддесі үшін 2026 Халықаралық еріктілер жылына орай жоспарланған іс-шараларға БҰҰДБ-ның қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, ынтымақтастықтың басым бағыттарын іске асыруға және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 17:45 67216
Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент аталған орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.
- Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, елдеріміз арасындағы байланысты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын білдірді. Президент оның "Орталық Азия және Жапония" саммитіне бастамашы болғанын еске салды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 17:14 8121
Қазақстан Португалияның өнеркәсіп, ғылым және технология саласындағы жетекші кәсіпорындарының назарында
Сурет: Akorda
Достарға айту
Экономикалық дипломатияны ілгерілету және орталықсыздандырылған ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев солтүстік өңірдің ірі индустриалды және инновациялық орталықтарының бірі болып саналатын Гимарайнш қаласына жұмыс сапармен барды. Бұл өңірде елдің ішкі жалпы өнімінің шамамен 70%-ын қамтамасыз ететін кәсіпорындар шоғырланған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Гимарайнш муниципалдық палатасының Президенті Рикарду Араужумен кездесуде өнеркәсіп, ғылыми-техникалық, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың ең перспективалық бағыттары қаралды. Мұндай бағыттар екі елдің өңірлері арасында ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестіктің негізін қалай алады.
Келіссөздер Португалияның солтүстік аймақтарындағы Қазақстанның Құрметті консулы Жил Виейра мен Гимарайнш қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген екі дөңгелек үстел барысында жалғасын тауып, экономиканың басым бағыттарына арналды.
Елші португалдық әріптестерін Қазақстан экономикасының қазіргі жай-күйі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ірі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде хабардар етті. Талқылау орталығында шетелдік инвесторларға ашылып отырған жаңа мүмкіндіктер, Еуропа мен Азияны байланыстыратын тиімді көлік-логистикалық бағыттар, цифрлық технологиялар саласындағы ілгерілеу және жасанды интеллектіні әртүрлі қызмет салаларына жүйелі енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Португалияның озық тәжірибесіне сүйене отырып, туризмді және туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстандағы өндірістерді локализациялау үшін қажет бай ресурс қоры, әсіресе агроөнеркәсіп саласында, сондай-ақ экспорттық-импорттық жоғары әлеует динамикалық дамып келе жатқан нарықтағы бәсекелестік тұрғысынан қонақтардың қызығушылығын тудырды.
Сапардың маңызды бөлігі ретінде Португалия және Еуропа өнеркәсібінің флагман кәсіпорындары - Lamerinho (жоғары сапалы тоқыма өнімдері), Amtrol-Alfa (өнеркәсіптік газдарға арналған болат, полимер және композиттік баллондар), ICC Lavoro (жоғары қауіп-қатерлі салалардың қызметкерлеріне арналған аяқ киімді өндіріс технологиялары - мұнай-газ, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өрт-құтқару, қоршаған ортаны қорғау, әскери және полиция қызметі) зауыттарына бару ұйымдастырылды. Кәсіпорын басшылары жақын арада Қазақстанға келіп, бірлескен қызметті бастау үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді.
Елшінің жұмыс сапары Португалияның ірі жоғары оқу орындарының бірі - Universidade do Minho университетін және оның зертханаларын аралаумен қорытындыланды. Университеттің инновациялар мен халықаралық ынтымақтастық бойынша проректоры Рауль Фангейру академиялық алмасуды кеңейту қажеттігін атап өтіп, инженерлік мамандықтар бойынша қазақстандық студенттер мен докторанттарды Португалияда оқуға шақырды.
Гимарайнштің тарихи орталығы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысаны болып табылады және жыл сайын онда әртүрлі елдерден ондаған мың турист келеді. "Ұлттың қарашаңыры" аталып жүрген бұл қала болашаққа бағдарланған және экология мен табиғи ресурстарды жауапкершілікпен басқаруға ерекше мән береді. Сол себепті 2026 жылы "Еуропаның Жасыл астанасы" мәртебесіне ие болды. Бұл салада қалалық билік Қазақстанмен белсенді ынтымақтастыққа дайын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 16:42 69321
Қазақстан Президенті әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді
Достарға айту
Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 16:10 3446
Қазақстан-Жапония: ДРК алушысынан серіктестік пен бірлескен жобаларға
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Көптеген жылдар бойы Жапония Қазақстанға дамуға ресми көмек (ДРК) шеңберінде қолдау көрсетіп, тұрақты дамуға және озық білімді беруге үлес қосты, деп хабарлайды "KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің баспасөз қызметінен.
Бүгін біздің ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілді.
2022 жылдың желтоқсанында қазақстандық "KazAID" халықаралық даму агенттігі мен жапондық "JICA" халықаралық ынтымақтастық агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл "донор-алушы" моделінен үшінші елдер үшін тең құқылы әріптестікке және жобаларды бірлесіп іске асыруға маңызды қадам болды.
KazAID және JICA жыл сайын Орталық Азия мен Кавказ елдері үшін, оның ішінде келесі бағыттар бойынша бірлескен жобаларды іске асырады:
- жер сілкінісіне төзімділік және табиғи апаттар қаупін азайту;
- жапондық Кайдзен философиясын қолдана отырып кәсіпкерлікті дамыту;
- ауыл шаруашылығы саласындағы цифрлық трансформация;
- кедендік тәуекелдерді басқару әлеуетін күшейту.
Ынтымақтастықтың бұл форматы Қазақстанның ДРК доноры ретіндегі эволюциясын және оның жетекші халықаралық әріптестермен бірлесіп өңірлік дамуға қосқан үлесін көрсетеді.
Анықтама: JICA Жапония Үкіметінің дамуына ресми көмек көрсететін Атқарушы агенттік болып табылады және 1974 жылы құрылған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 15:34 67971
Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, "Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы" тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Осы айтулы оқу орнында аймақтағы елдер арасынан алғашқы дәріс оқыған Мемлекет басшысы атану - мен үшін зор мәртебе. Мұны халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанға шынайы құрмет деп қабылдаймын. Сондай-ақ біздің мультилатерализмді ілгерілетуге әрі жаһандық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған табанды еңбегімізді мойындаудың белгісі ретінде қарастырамын. Біріккен Ұлттар Ұйымы менің өмірімде ерекше орын алады. Өйткені осы Ұйымда Бас хатшының орынбасары және Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымдарын атқару бақытына ие болдым, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қағидаттар мен жапон этикасы арасындағы үндестікке тоқталды. Яғни үйлесімділік, даналық және жауапты көшбасшылық - шынайы күш-қуаттың қайнары.
- Ханзада Сётоку VII ғасырда "үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс" деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр, - деді Президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 14:32 68176
Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті.
Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, "жасыл" технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың перспективті бағыттары бола алады деп санайды.
Масафуми Сэнзакидің айтуынша, компанияның басты мақсаты - жаһандық деңгейдегі, сонымен бірге Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру аясында жоғары технологиялы, төмен көміртекті, қауіпсіз шешімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану.
Hitachi Construction Machinery - құрылыс және тау-кен техникаларын шығаратын әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Компанияның экскаваторлары, карьерге арналған жүк көліктері және басқа да техникалары 150-ден аса елде, соның ішінде Қазақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 13:27 66536
Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.
Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті.
Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның адами капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.
Komatsu құрылыс, тау-кен, жол және индустрия салаларына қажетті техникалар өндіруге маманданған әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі саналады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.12.2025, 20:37Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты 15.12.2025, 22:01 166096Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 165796Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 165546Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды17.12.2025, 11:28 129916Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
10.12.2025, 17:08 183621Президент Су және денсаулық сақтау туралы хаттаманы ратификациялауды мақұлдады15.12.2025, 20:37 166851Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты15.12.2025, 22:01 166096Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 165796Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 165546Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

