16.03.2026, 17:32 2546

Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және стратегиялық серіктестікті нығайту сұрақтары талқыланды

Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және стратегиялық серіктестікті нығайту сұрақтары талқыланды
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Лин Цзимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Тараптар стратегиялық әріптестіктің жоғарғы деңгейін растап, өзара сауданың тұрақты оң динамикасын атап өтті: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 48,7 млрд. долл. жетті.

Атап айтқанда, биыл өткізуге жоспарланып отырған ҚР - ҚХР Ынтымақтастық комитетінің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің кезекті 14-ші отырысына сапалы дайындық мәселесіне, сондай-ақ "Қорғас" шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы аясындағы өзара іс-қимылдар мен инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастыққа ерекше назар бөлінді.

Ш.Нұрышев қазақ тарапының сапалы отандық өнімдерінің экспортын ұлғайтуға, өзара сауданы ынталандыра алатын бірлескен жобаларды дамытуға мүдделілігін, сондай-ақ "Қытайға экспорт" бастамасы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екенін атап өтті.

Сонымен қатар тараптар ағымдағы жылға жоспарланған бірқатар бірлескен сауда-экономикалық іс-шаралар мен қол қоюға көзделген екіжақты құжаттардың дайындық мәселелерін талқылады.

ҚР ҚМ МКК-нің деректері бойынша, 2025 ж. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 34,1 млрд долл. құрады (+13,2%). Оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты - 15,2 млрд долл. (+2,1%), ал Қазақстанның импорты - 18,9 млрд долл. (+24,1%).

ҚХР БКБ-ның деректері бойынша, 2025 ж. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд. долл. құрады (+11%). Оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты - 19 млрд долл. (+19,3%), ал Қазақстанның импорты - 29,7 млрд долл. (+6,2%).
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны