21.03.2026, 10:29 1421

Братиславада Қазақстанда жаңа Конституция бойынша өткен референдумның қорытындылары талқыланды

Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Президентінің сыртқы саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ян Кубишпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Әңгіме барысында Елші 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумның қорытындыларымен таныстырып, Негізгі заңның қабылдануымен елдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуының бағыты айқындалатынын, сондай-ақ турбулентті кезеңнің сыртқы және ішкі сын-қатерлеріне жедел жауап бере алатын жаңа кезеңдегі Қазақстанның институционалдық архитектурасы қалыптасатынын атап өтті. Бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін қамтитын көпдеңгейлі қоғамдық диалог жүйесін құру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту конституциялық өзгерістердің ауқымдылығын көрсетеді.

Дауыс беру үдерісіне халықаралық стандарттарға сәйкес өткеніне оң баға берген халықаралық байқаушылардың пікіріне де ерекше назар аударылды.

Я. Кубиш жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға жоғары баға берді. Оның пікірінше, референдум қорытындылары қазақстандықтардың Президент Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған ауқымды саяси жаңғырулар мен әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын кеңінен қолдайтынын айқын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырған проактивті сыртқы саясаттың нәтижелілігі аталып өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны