27.03.2026, 15:39 2016

Наурыз мерекесі Ханойда тойланды

Наурыз мерекесі Ханойда тойланды
Сурет: gov.kz
Ханойда көктемгі жаңару мерекесі - Наурызға арналған мәдени фестиваль өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Елшілігімен, Әзербайжан Республикасының Елшілігімен және Ханой сауда және туризм колледжімен бірлесе ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ханойдағы фестиваль Қазақстан мен Әзербайжанның бай мәдени мұрасын таныстыру алаңына айналды. Бағдарлама аясында ұлттық музыка мен би өнері көрсетіліп, дәстүрлі тағамдар ұсынылды, сондай-ақ ұлттық ойындар мен интерактивті мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.

Фестиваль қонақтарына бауырлас түркі халықтарының бірегей болмысын және ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейтін тұрмыс-тіршілік элементтері, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер таныстырылды. Сонымен қатар мәдени диалогты дамытуға және елдер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Қанат Тумыш, өз сөзінде, "Наурызнама" тұжырымдамасына сәйкес Наурыз мерекесін атап өтудің заманауи тәсілдері туралы тілге тиек етті. Бұл тұжырымдама дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған онкүндік іс-шараларды өткізуді көздейтінін хабардар етті.

Наурыз мерекесінің негізінде жатқан жаңару идеясының қоғам дамуы, бірлік пен үйлесімді қоғам қалыптастырудағы маңызы ерекше атап өтілді.

Іс-шараның қорытындысында қонақтарға дәстүрлі наурыз көже мен қазақ ұлттық тағамдары ұсынылды.

Ханой сауда және туризм колледжінің ректоры Чинь Тхи Тху Ха мұндай іс-шаралар Қазақстан, Әзербайжан және Вьетнам халықтары арасындағы мәдени алмасуды, өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Ханойдағы Наурыз фестивалі бірлік, көктемгі жаңару және халықаралық ынтымақтастықтың жарқын символына айналды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны