23.04.2026, 11:49 171

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті
Сурет: Akorda
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі және перспективасы талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы Ұйыммен ықпалдастықтың жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне тоқталып, сондай-ақ еліміздің жаһандық бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесуде климат пен денсаулық сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу, цифрлық трансформацияға арналған бастамаларды ілгерілету және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қарастырылды.

Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты. ДДҰ басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау арқылы саяси реформалар мен экономикалық өрлеудің табысты іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұйым Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде экология мен су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайды.

Кездесу соңында Бас директор Мемлекет басшысына Ұйымның елімізге дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша 3-ші деңгей берілгенін растайтын хатты табыстады.

Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігін көрсетеді. Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны