13.08.2021, 18:41 8128

Қазақстандық еңбек биржасында Дағдылар банкі жаңартылды - Еңбек министрлігі

Сондай-ақ мамандықтарға қойылатын талаптар өзектендірілді.
НҰР-СҰЛТАН. 13 ТАМЫЗ - Қазақстанның электрондық еңбек биржасында Дағдылар банкі жаңартылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
 
Оның айтуынша, Дағдылар банкі - электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында талап етілетін арнайы (кәсіби) және жалпы (икемді) дағдылардың тізбесі.
 

Оған қазірдің өзінде 8 мың дағды енгізілді, олардың ішіндегі ең танымалдары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары мен онлайн-курстар әзірленуде. Алдағы уақытта Дағдылар банкі кәсіби дағдылар мен біліктіліктердің салыстырмалылығын арттыруға мүмкіндік береді, нарыққа қажетті кәсіби дағдылар мен мансапты жақсырақ таңдау үшін жұмыс түрлері туралы халықтың хабардарлығын жақсартады", – деп түйіндеді вице-министр.

 
Ақмәди Сарбасов бүгінгі таңда еңбек нарығы технологиялық прогресті жеделдету, экономиканы цифрландыру сияқты жаһандық трендтердің ықпалымен өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.
 

Жұмыс берушілердің талаптары мен қызметкерлердің, әсіресе білім беру ұйымдары түлектерінің біліктілігі арасында алшақтық қалыптасады. Осыған байланысты қазақстандықтардың кәсіби білімдерін, дағдылары мен құзыреттерін үнемі жаңартып отыру қажеттігі туындайды", - деді Сарбасов.

 
Вице-министрдің айтуынша, Үкімет ресми, бейресми және ақпараттық білім беруді интеграциялауға, оқыту нәтижелері мен біліктілікті танудың икемді құралдары арқылы мамандыққа қол жеткізуді кеңейтуге бағытталған өмір бойы оқыту (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекітті.
 

ЭЫДҰ халықаралық сарапшылары Қазақстандағы ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға төмен тартылғанын атап өтті. Мәселен, ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, 2018 жылы ересек халықтың тек 17%-ы (16-65 жас) бейресми оқытуға қатысты, бұл ретте әйелдердің қатысу үлесі ерлерге қарағанда жоғары (13,85%-ға қарағанда 20%). Бұрын формальды білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл сақталады. Сонымен қатар, Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 4-5%-ы ғана жыл сайын кәсіптік оқудан немесе жалпы дамыту курстарында оқытудан өтеді. Осы мәселелерді шешу үшін біздің министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде", – деп хабарлады вице-министр.

 
Оның айтуынша, ҰБЖ үш негізгі сұраққа жауап береді: "Заманауи мамандар нені білуі және істей алуы керек? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту керек? Олардың біліктілігін қалай тануға және беруге болады?".
 
Осыған байланысты ҰБЖ шеңберінде:
 
- Ұлттық біліктілік шеңбері түріндегі негіз қаланды, ол біліктіліктің 8 деңгейінен тұрады және маман қандай деңгейде, қандай жалпы кәсіптік құзыреттерге және білім деңгейіне ие болуға тиіс екенін айқындайды;
 
- орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын құзыреттердің сипатына қарай деңгейлер бойынша нақты саладағы маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейтін 36 салалық біліктілік шеңбері жаңартылды;
 
- 589 кәсіптік стандарт бекітілді, олар нақты кәсіппен айналысу үшін қандай біліктер мен білім қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді;
 
- оқу мекемелері кәсіптік стандарттарда белгіленген талаптарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі;
 
- Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия біліктілік сәйкестігін міндетті растауды талап ететін денсаулық сақтау және қаржы салаларының 72 кәсібінен тұратын реттелетін кәсіптер тізбесін бекітті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны