24.06.2021, 21:42 9916

ҚР Парламенті қашықтықтан жұмыс істеуді заңдастырды

НҰР-СҰЛТАН. 24 МАУСЫМ - Сенат депутаттары Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қабылдады,деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді заңнамада "қашықтан жұмыс" және "аралас қашықтықтан жұмыс" сияқты ұғымдар пайда болады. Сондай-ақ, түзетулер қызметтік (лауазымдық) міндеттерді еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын қызметкерлерді (мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері) қашықтықтан жұмысқа жіберу тәртібін жазады.

Еңбек шартында қызметкер жұмыс берушімен байланыс үшін қол жетімділік режимінде болуы тиіс қашықтықтан жұмыс нысаны кезінде жұмыс уақытын белгіленген есепке алу нормасы бекітілетін болады.

Түзетулермен тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігін енгізу ұсынылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған дейін Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы қызметкерлердің орташа есеппен 70%-ы қашықтан жұмысқа ауысқанын мәлімдеген болатын.

Аралас жұмыс жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де жұмыс кезеңдерін ауыстыруға мүмкіндік береді. Заң жобасында ТЖ енгізу, ТЖ жариялау және шектеулі іс-шараларды, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс беруші қызметкерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз етуге және шығыстарды өтеуге міндетті деген норма көзделген.

Егер қызметкер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланса, жұмыс беруші мөлшері, тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісімі бойынша белгіленетін өтемақы төлей алады.

Жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерін еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтықтан жұмысқа жіберу тәртібі регламенттелген.

Жұмыс берушінің қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілген.

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу бойынша норма көзделген, осы мерзім ішінде жұмыскер жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімділік режимінде, жұмыс уақыты шегінде және жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып болуға тиіс.

Бұл ретте еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.

Заң жобасының қабылдануымен қашықтықтан жұмыс істеуді нақты регламенттеу және еңбек шарты тараптарының құқықтары мен міндеттерін бекіту арқылы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетін болады.

Парламент қабылдаған заң Қазақстан Президентіне қол қоюға жіберілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны