04.11.2021, 16:42 16505

Экология министрлігі Қазақстанның ауасы ең ластанған топ-10 қаласын атады

Жжабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану жоғары ластанудың себебі болып табылады.
НҰР-СҰЛТАН. 4 ҚАРАША - Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысы барысында ауаның ластануы жоғары он қаланы атады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар — Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары", - деп атап өтті экология министрі.

 
Оның айтуынша, жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану жоғары ластанудың себебі болып табылады. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр.
 
Сөз сөйлеу барысында Брекешев, сондай-ақ, қоқыс тастайтын жерлерді жою және оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 7,3 мың полигонның 86%-ы (6,3 мың) жойылды.
 

Рейдтік іс-шаралар жүргізілді, 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. 2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жобалары іске асырыла бастайды", - деді министр.

 
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Экология министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ еліміздің 10 қаласында ірі кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу және жол карталарын әзірлеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
 
Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мәселелерін жандандыру тапсырылды. Барлық өңірлердің әкімдіктеріне экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол карталары шеңберінде 2021 жылға жоспарланған барлық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны