03.10.2022, 15:20 14086

Қазақстан мектептерінде бес күндік жұмыс аптасы енгізілді

Бұйрық қолданысқа енгізілді.
АСТАНА. 3 ҚАЗАН - "Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі No 153 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығы жарияланды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне сілтеме жасап.
 

Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарында, үш ауысымды оқыту режимінде жұмыс істейтін және оқушы орны тапшы білім беру ұйымдарынан басқа орта білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді", - делінген құжатта.

 
Білім беру ұйымдарының бес күндік жұмыс аптасы режимінде жұмыс істейтін педагогтер үшін демалыс күндері сенбі және жексенбі болып табылады. Үш ауысымда оқытатын білім беру және оқушы орны тапшы білім беру ұйымдарында алты күндік жұмыс аптасы режимінде жұмыс істейтін педагогтер үшін демалыс күні жексенбі болып табылады. Тәрбиеленушілер үшін шарттық негізде қосымша білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметтерін іске асыратын мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтері үшін жұмыс уақыты мен демалыс режимі ішкі тәртіп қағидаларында белгіленеді.
 

Педагогтер үшін демалыс және жұмыс істемейтін мереке күндері оқу жүктемесі мен оқу сабақтарының ауысым кестесін ескере отырып, білім беру ұйымының жұмыс режиміне байланысты белгіленеді. Білім алушылардың тәулік бойы болуы және белгілі бір уақыт, маусым ішінде болуы көзделген білім беру ұйымдарының педагогтері үшін білім беру ұйымдарының үлгілері мен түрлеріне, оқу сабақтарының ауысымдылығына және жұмыс кестесіне байланысты кемінде 12 сағат көлемде ауысымаралық демалыс беруді ескере отырып, жұмыс уақыты белгіленеді", - делінген бұйрықта.

 
Бұйрық қолданысқа енгізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны