01.12.2022, 09:41 12606

Қазақстанда жүргізушілерге жазғы резеңкемен жүргені үшін айыппұл салынады

Қазақстанда жүргізушілерге жазғы резеңкемен жүргені үшін айыппұл салынады
Осы бұзушылық үшін 15 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған
 
Астана. 1 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүруге рұқсат жоқ.
 
Мұндай норма "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 590-бабы 5-бөлігінде көзделген. Яғни, 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүрген көліктерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (15 900 теңге) айыппұл салынады.
 
Ішкі істер министрлігі қыстың басталуы мен суық ауа райына байланысты жолдардағы көлік қозғалысы ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Аталған ереже бір жыл ішінде қайталап бұзылса, айыппұл көлемі артады.
 
Мұндай талапқа жазғы шинаның қыста қатып қалып, тұтқырлық қасиетінен айырылатыны себепкер. Бұл көлік қозғалысының тәртібін бұзуға, тіпті, кейде көлік апаттарына әкеліп соқтыруы мүмкін.
 
Ал қысқы дөңгелектер қойылатын талап Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті арқылы реттеледі. Ол регламент бойынша, қыс мезгілінде жүруге рұқсат етілетін бұдырлы шиналар "М+S", "M&S" және "MS" белгілерімен таңбаланады. Ал шинадағы кедір-бұдырдың тереңдігі 4 миллиметрден кем болмауы шарт.
 
Ақпарат көзі: inform.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны