20.12.2022, 16:32 10681

ИИДМ ҮАААЖ құрылысының аяқталғаны туралы хабарлайды

ИИДМ ҮАААЖ құрылысының аяқталғаны туралы хабарлайды
Сурет: видеодан кадр
Жоба ертерек жүзеге асырылды

Астана. 20 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - 2018 жылы басталған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
 
Министрлікте атап өткендей, құрылыс мерзімі бастапқыда 50 айға жоспарланған еді. Алайда, қарқынды жұмыстардың толық ауқымда жүргізілуіне байланысты концессионер жобаны ертерек жүзеге асыра алды.
 

Автожол құрылысы бойынша барлық негізгі деген жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру және жол ақысын алу жүйесі орнатылып жатыр. Концессия туралы заңға сәйкес жобалар инвесторларға мемлекет балансына қабылданғаннан кейін ғана беріледі. Осыған байланысты пайдалануға беру 2023 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр", - деп хабарлады ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.


 
Ведомство ҮАААЖ-ын іске асыруды түрік-корей консорциумы жүзеге асырып жатқанын еске салды. Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 шақырым жүрген жағдайда, 66 шақырым қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.
 

Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Орталық Азиядағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы болып табылады. Аталған жобаны іске асыру жолдың транзиттік әлеуетін жоғарылатып, транзиттік маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтады және экологиялық жағдайды жақсартады", - деп атап өтті ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.


Естеріңізге сала кетейік, ҮАААЖ Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады.
 
Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтетін болады. Бұл автожол Батыс Қытай - Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы керек.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны