14.02.2023, 10:17 29646

Смайылов мектептердегі қауіпсіздікті күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар берді

ҚР ІІМ басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавл мектебінде болған оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді
Смайылов мектептердегі қауіпсіздікті күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар берді
Астана. 14 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Петропавлдағы мектепте оқушының оқушыларға балтамен шабуылынан кейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ел мектептеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың хабарлауынша, 13 ақпанда таңертең Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы аттанды.

Тексеру барысында күдікті (9 сынып оқушысы) 2-ші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыға шабуылдаған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.

Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Есепті тыңдап, Әлихан Смайылов Петропавлда орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.

Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек", - деді Премьер-Министр.


Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.

Еске салсақ, 13 ақпанда Петропавлдағы №4 орта мектептің 9-сынып оқушысы үш оқушыны балта мен пышақпен жарақаттаған. Шабуылдан кейін екі бала шұғыл ауруханаға жатқызылды. Үшінші бала амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, шабуылдаушы интернет ойынының "тапсырмасын" орындады. Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық мектептерінде қауіпсіздік тексерістері жүргізілетінін айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны