15.06.2022, 16:34 6086

Алматыда қала тұрғындары мен құрылыс салушылар арасында келіспеушілік күшеюде

Алматыда қала тұрғындары мен құрылыс салушылар арасында келіспеушілік күшеюде
АЛМАТЫ. 15 МАУСЫМ - Алматыда халық пен құрылыс компаниялары арасында келіспеушілік жиілеп барады.
 
Алматының Дарабоз шағын ауданында бос жер қалмаған. Бір-біріне иін тірескен көп қабатты үйлердің арасында көлік қоятын орын жоқ. Шағын аудандағы соңғы бос жер теліміне әу баста "сауда орталығын саламыз" деген құрылыс компаниясы уәдесінен жалтарып, көп қабатты екі үй салмақ. Ал оған қарсы тұрғындардың наразылығын жергілікті билік те, құрылыс компаниясы да тыңдайтын емес. 
 

Дарабоз шағын ауданы мен құрылыс компаниясы арасындағы дау мына тұрған қоршаулы жер телімінен басталған. Әу баста сауда орталығы салынады деген аумаққа құрылыс компаниясы көп қабатты екі үй салмақшы. Онсыз да құмырсқаның илеуіндей қаптап кетті деген көп қабатты үйлердің арасында көлік қоятын жер мен балалар ойнайтын алаңдар жетіспейді дейді жұрт", - деді тілші Аршын Кемелжан.

 
Тұрғындардың айтуынша, бой көтергеніне 4-5 жыл болған шағын ауданда 42 үй бар. Ал адам саны 10 мыңнан асады. Тығыз орналасқан шағын ауданда емхана, мектеп, балабақша атымен жоқ. 
 

Құрылыс компаниясы болса әр шаршы метрден табыс табудың қамында", - дейді дарабоздықтар. 

 

Алатау ауданының әкіміне және қалалық әкімшілікке барып өз пікірімізді айтқанбыз. Олар бізбен ешқандай санаспады. Мына жердегі Эксклюзивтің басшылары енді 42 үй аздай, тағы да 2 үйді салғалы жатыр 12 қабаттан", - дейді қала тұрғыны Орынкүл Омарова.

 
Осы мәселеге байланысты қала әкімдігіне сауал жолдадық. Әкімдік өкілінің айтуынша, 2016 жылғы жобада сауда кешені болған. Алайда 2021 жылы құрылыс жобасы қайта қаралыпты. Нәтижесінде 15 мың шаршы метрлік сауда кешенінің орнына көп қабатты қос үй мен 1200 шаршы метрлік шағын сауда орталығы салынбақ. Оған қоса 200 орындық автотұрақ болады. 
 
 "Әкімдік тұрғындардың талабын ескереміз" дейді. 
 

Қазіргі уақытта мердігер мекемесіне нұсқама бердік, хаттама бердік қазіргі кезде. Халықтың наразылығына байланысты жобасын қайта қарап, халықтың ұсынысына енгізу үшін, халықтың пікірін тыңдап тағы қарауға. Қазіргі кезде олар құрылыс жұмыстарын тоқтатқан", - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Сембаев.

 
Әкімдік қызметкері қазір құрылыс тоқтап тұр дегенімен іс-жүзінде жұмыс қызып жатыр. Тұрғындар бізге ауыр техникалардың күні-түні дамыл таппай жатқанын таспалап жіберді. Одан бөлек Дарабозда мектеп, балабақша мәселесі әлі шешім таппаған. 
 

Бір сыныпта 35-36 баладан. Енді мен қазір апайына айтсам: "Бізде неге көп, мүлдем уақыт бөле алмайды ұстазымыз деген, неге?" десем, "бізде басқа амал жоқ, қабылда" деп айтып жатыр акиматтан келген балалардың барлығын, білім сапасы да төмен. Балабақшаға біз деген алыстан тасимыз, өйткені жақын жерде балабақша жоқ", - деді қала тұрғыны Назерке Ынтымақова.

 
Қаланың басқа аудандарында да бір-біріне жақын салынып жатқан биік үйлер көп. Оларға тұрғындар наразы. Мысалы, әл-Фараби даңғылының бойындағы Адмирал, Достықтың бойындағы High Garden клубты үйі, Абай-130 тұрғын үй кешендерінің құрылысына алматылықтар қарсы шыққан еді. 
 
БЛИЦ: 
 
- Көрініп тұрған әдемі тауларымыз көрінбей қалды. Оның үстіне ешқандай үйге жақын жерде балабақша, мектептер жоқ қой. Құры үй сала бергенде не пайда? 
 
- Абайдан жоғары мынадай дәуді салма деді ғой, 5 қабат болды. Неге салып жатыр сондай дәуді, дұрыс емес. 
 
Зәулім үйлер көбейген сайын тұрғындар мен құрылыс компанияларының арасындағы келіспеушілікте жиілеп барады. Күні кеше құрылысқа қарсы заңсыз митингтің бірі адам өлімімен аяқталды. Көшені жауып алған наразы топтағы адамның бірі мен көлік жүргізушісі сөзге келіп, соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты.
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны