31.08.2022, 15:34 14106

Қазақстанда 30 жылдық өтілі бар педагогтар біліктілік тестілеуінен босатылады

Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады.
Қазақстанда 30 жылдық өтілі бар педагогтар біліктілік тестілеуінен босатылады
Сурет: depositphotos.com
НҰР-СҰЛТАН. 31 ТАМЫЗ - Қазақстанда 30 жылдан астам жұмыс өтілі бар педагогтарды біліктілік тестілеуінен босату жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Оқу-ағарту министрі қазіргі уақытта барлық педагог аттестацияның екі кезеңінен өтетінін еске салды: бірінші кезең - барлық педагогтің пән мен оқыту әдістемесін білуге арналған тестілеуден міндетті түрде өтуі және екінші кезең-педагог портфолиосын, жетістіктерін бағалау. 
 

Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады", - деп жазды Аймағамбетов.

 
Сондай-ақ, оның айтуынша, педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, "педагог-модератор" санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден өтуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. 
 

Ал егер бұл педагогтер аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді", - деп түсіндірді министр.

 
Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.
 
Бұған дейін Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов 75 мыңға жуық қазақстандық педагог біліктілігін арттыру курстарынан өткенін, алайда қорытындысы көңіл көншітпейтінін айтқан болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны