05.04.2021, 17:18 8121

БҒМ: ҰБТ нәтижелері тестілеуден кейін бірден белгілі болады

НҰР-СҰЛТАН. 5 СӘУІР - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қалай өтетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Биыл конкурс 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді. Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. ҰБТ электрондық форматта "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады", - деп хабарлады ҚР БҒМ.

 
Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады. Ал бұзушылықты бірден байқамаса, бейнежазбалар тамыз айының соңына дейін тағы да қаралады.
 
Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады.
 

Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Алғаш рет мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы және 240 минут уақыт беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері ұсынылады. Сондай-ақ, 60 минуттан кейін оқушыларға көзге арналған жаттығулар мен дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін - 15 минуттық үзіліс беріледі", - деп түсіндірді Білім және ғылым министрлігінде.

 
Жаңашылдықтардың бірі - ҰБТ нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады. Жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ, ҰБТ қатысушысы қате жауап берген сұрақтарды бірден көреді.
 

ҰБТ қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей, сол жерде апелляцияға электронды өтініш бере алады", - деп атап өтті БҒМ-де.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны