04.03.2020, 12:47 6278

"Болашақ" корпоративтік қоры 34-ші фильмді қазақшалап шығарды

Жыл сайын дубляжға 300 қазақстандық актер және әртіс қатысады.

Алматы. 4 наурыз. Kazakhstan Today - Дисней фильміндегі мәтіндік жазбалар алғаш рет қазақ тілінде көрсетілетін болады.

Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кинопрокатқа мемлекеттік тілде шығатын Disney/Pixar студияларының бірінші фильмнің алдын ала көрсетілімдері өтті. "Алға" фильмі ескі аңыздарда айтылған нағыз сиқырды тауып алмақшы болған екі ағайынды эльфтердің шытырман оқиғаға толы сапары туралы баяндайды. Фильмнің премьерасы ағымдағы жылы 5 наурызда өтеді.

"Алға" қазақ тіліне дыбысталып, отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шығатын 34-ші фильм болып табылады. Голливудтық киностудиялардың отбасымен бірге қарауға арналған фильмдері "Болашақ" корпоративтік қоры мен "Меломан" компаниясының бастамасымен қазақ тіліне дыбысталады. Дубляж демеушісі - BI Group компаниясы. Серіктестер: KINOPARK кинотеатрлар желісі, Ivi және Megogo онлайн кинотеатрлары. Бүгіннің өзінде қазақ тіліндегі голливудтық фильмдер ivi онлайн-кинотеатрындақарауғаболады, ал жақын арада қазақ тіліндегі фильмдер топтамасын "Алға" фильмі толықтыратын болады. Нұр-Сұлтан қаласындағы алдын-ала көрсетілім "Nur Otan" партиясының қолдауымен, ал Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

Marvel ғаламының қаһармандары Жұлдызды Лордты ("Галактика сақшылары") және Өрмекші адамды ("Өрмекші адам: үйден жырақта") дыбыстаған актерлер Том Холланд және Крис Прэтт Disney студиясының "Алға" жаңа анимациялық фильмінің басты кейіпкерлерін дыбыстау үшін дыбыс жазу студиясында қайта кездесті. Режиссер Дэн Скэнлон фильмді өзінің сценарийі бойынша түсірді. Ол картинаны бала кезінде қайтыс болған әкесіне арнады. Синопсис: Ағалы-інілі эльфтер Иэн мен Барли Лайтфуттар тролльдер, гоблиндер, гномдар, кентаврлар және пырақтар мекендейтін таңғажайып әлемде өмір сүреді. Баяғы заманда олардың әлемі сиқырға толы болған. Алайда бұл заман өтіп, енді ғажайып тіршілік иелері ұшақтармен ұшып, автомобиль мініп, кәдімгі өмір сүріп келеді. Бірақ ойда жоқта қолына сыйлық түскен екі ағайынды ескі аңыздарда айтылған нағыз сиқырды тауып алмақшы болып, шытырман оқиғаға толы сапарға аттануға белдерін буады.

2011 жылы болашақтықтар қазақ тілді балаларға арналған сапалы және бәсекеге қабілетті контент құруға бағытталған "Өзіңнен баста" әлеуметтік жобасына бастамашы болды. Бастамаға "Nur Otan" партиясы қолдау көрсетті.

"Жаһандану кезеңінде өз тарихына терең тамыр жіберген, ұлттық мәдениеті мен ана тілін ардақтай білген халықтың ғана әрдайым айы оңынан тумақ. Сондықтан да "Nur Otan" еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің төлтума қасиеттерінің сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгілеген. Бұдан тоғыз жыл бұрын Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған "Өзіңнен баста" әлеуметтік жобасының арқасында осы кезге дейін әлемдегі ең үздік 34 көркем және анимациялық балалар фильмі қазақ тілінде дубляждалды. Осы бастамаға қызу қолдау білдіріп, қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын барша демеушілер мен меценаттарға ерекше алғыс білдіремін" - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Дубляж тарихында алғаш рет фильмдегі мәтіндік жазбалар локализацияланған: экрандағы барлық жазбалар қазақ тілінде көрсетілетін болады.

Кастинге Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан барлығы 40-тан астам актер қатысты. Актер Том Холландтың дауысымен сөйлеген ағайындылардың бірін дыбыстаған актер Заңғар Әбенов сондай-ақ Том Холландты "Өрмекші адам: Міне үйден" фильмінде де дыбыстаған.

Сонымен қатар фильмнің дубляжына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек, актер, сатирик және режиссер Сағаділдә Үсібәлі, Шехназа Қызыханова, Сая Тоқманғалиева, Бәзіл Сұлтанғазы және басқалар қатысты. Фильм дубляжының режиссері Шах-Мұрат Ордабаев болды. Режиссер үшін бұл фильм "Өзіңнен баста" жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған 10-шы фильм болды.

- Біріншіден, бұл фильммен жұмыс істеу маған жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік берді, Өйткені онда қазақ тіліне локализация көбірек жасаланған. Алғаш рет фильмнің ішінде қазақ тілінде жазулар пайда болды. Бұл жазбалармен біз ақындармен көп жұмыс атқардық. Бұл - дубляждағы және жеке өзім үшін де жаңа деңгей. Мен осы сәтті жобадағы менің алғашқы фильмімнен бастап ұзақ күттім. Бұл жазбаларға да кастинг өткізілді: біз қазақ тіліндегі бірнеше жазу үлгісін Disney/Pixar студиясына жібердік. Көрермендер фильмнің дубляжына қаншама еңбек сіңірілгенін және қандай жұмыс атқарылғанын түсінсе дейміз. Сонымен қатар, фильм маған ерекше әсер етті. Хикаяның тақырыбы маған таныс және маңызы бар. Менің да ағам бар, әкем қайтыс болған. Мұндай хикаялар жақындарымызды бағалау, оларға алғысымызды білдіру және оларды аялау қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі, - деп атап өтті режиссер.

Іс-шараға "Болашақ" корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары - Бауыржан Байбек, BI Group компаниясының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, блогерлер, медиа-тұлғалар, "Болашақ" қауымдастығының мүшелері және басқалар қатысты.

Жобаға қазақстандық компаниялар демеушілік қолдау қөрсетііп отыр. "Алға" - "BI Group" құрылыс холдингі демеушілік еткен 9-шы фильмболып табылады.

- BI Group холдингі үш жыл қатарынан Болашақ қорының "Өзіңнен баста" жобасына қолдау көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде құны 400 миллион теңгеге жуық сомаға 9 фильм қазақ тілінде дыбысталды. Осы жылы біздің қолдауымызбен тағы 6 фильм дыбысталады. Қаржылай көмек көрсете отырып, біз ана тілімізді дамытуға қаражат жұмсап қана қоймай, сондай-ақ белсенді әлеуметтік-қайырымдылық қызметпен айналыса отырып, біздің компания қазақстандық балалар үшін сапалы шетелдік киноконтентпен танысуға мүмкіндік береді. Біз мемлекеттік тілге қамқорлық жасаудың маңыздылығын түсінеміз: көптеген жобаларымыздың атаулары қазақша, ал Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына орай біз жаңа "Асыл мұра" тұрғын үй кешенін іске қостық. Оның әр кезегіне қазақ мәдениетінің ұлы тұлғалары - Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Жұбанов, Қорқыт Ата, Құрманғазы Сағырбайұлы және Әл-Фараби есімдері беріледі. Сондай-ақ, біздің "Ақылды үй" жобасын ұсынушы Connected Home әзірлеушілер тобы қазір қазақ тілінде сөйлейтін Алиса мен Siri сияқты дауыстық көмекшіні әзірлеуде" - деп атап өтті BI Group холдингінің Құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы.

Қазақ тіліндегі трейлер: https://www.youtube.com/watch?v=282UlVfpc0Q.

"ӨЗІҢНЕН БАСТА" ЖОБАСЫ ТУРАСЫНДА

ДУБЛЯЖ ТУРАЛЫ 5 ҚЫЗЫҚТЫ ФАКТІ

oҚазақстандық актерлердің дауыстары голливудтық киностудиялармен келісудің күрделі кезеңдерінен өтеді.

oСинхронды дубляж дауыстың тембріне ғана емес, кейіпкердің мінезіне де толық сәйкес келуін талап етеді.

oАвтордың ойын дәл жеткізу үшін фильм тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылады. Диалогтар кейіпкер дубляж тілінде сөйлеп тұрғандай әсер қалдыру үшін кейіпкердің артикуляциясына дәл келтіріліп, аударылады.

oҚазақ тіліндегі барлық фильмдер әлемдік премьерадан бір күн бұрын кинотеатрларда көрсетіледі.

oҚазақ тіліндегі ән - бұл мүлдем жаңа шығарма, ағылшын тілінен жай ғана аударма емес. Бейімдеу кезінде әр композициямен қазақстандық ақындар, композиторлар мен әншілер жұмыс істейді.

ЖОБАНЫҢ БІЗ МАҚТАН ТҰТАТЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Жоба ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алғыс хатымен және ҚР Кинематографистер кеңесінің "Қазақстанның кино өнеріне қосқан үлесі үшін" премиясымен марапатталған. Жоба арқасында қазақ тілі Walt Disney үшін дубляж жасауға жалпы 39-шы тіл (2-ші түркі тілі), ал Sony Pictures үшін 7-ші тіл болды, бүкіл дүние жүзінде DVD-де, Blu-Ray-де көруге болатын голливуд фильмдеріне дубляж жасалатын негізгі 7 тілдің бірі болды. Қазақ тіліне дубляж жасалған балаларға арналған фильмдер "ҚР Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ кітапханасының білім беру ресурсы ретінде ұсынылған.

Орташа бюджеті 200 млн. доллардан асатын әлемдік блокбастерлер жоғары технологиялық дубляждың нәтижесінде толығымен ұлттық өнімге айналады. Дубляж жасалған фильмдер "Air Astana" авиакомпаниясының ойын-сауық бағдарламаларында, теледидар және Ivi.ru және Megogo онлайн-кинотеатрларында көрсетіледі. Қазақ тіліндегі сүйікті голливудтық анимациялық фильмдердің әдемі саундтректері iTunes-та, Youtube-та, vk-да, Yandex-та, Apple Music-те, Воом-да орналастырылған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда лицензия алған 2 дубляж студиясы бар - "Cinematone" (Алматы қ.) және "Aray Media Group" (Нұр-Сұлтан қ.). Walt Disney компаниясы картиналарды көркем дубляждауда "Array Media Group" студиясының жоғары деңгейін мойындады.

Жобаның арқасында 9 жыл ішінде дубляж саласындағы шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі Disney студиясының халықаралық стандарттарына сәйкес оқудан өтті. Оның ішінде: 4 режиссер, 11 техникалық маман - салушылар, музыкалық жетекшілер, дыбыс режиссерлері, аудармашылар, 188 актер. Қазақстандық 100-ден астам актер, сонымен қатар балалар үйлерінен балалардың дауыстары Disney студиясының дауыстар қорында тіркелген.

ДУБЛЯЖ АКТЕРЛЕРІ

Жыл сайын дубляжға 300 қазақстандық актер және әртіс қатысады. Жыл сайын олардың жобаға деген қызығушылығы артып келе жатқанына біз қуаныштымыз. Жобаға қатысқандар: Бақытжан Әпейісов, Берік Айтжанов, Азамат Қанапия, Алтынай Нөгербек, Жәнібек Мұсаев, Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Нұрлан Әлімжанов, Динара Сұлтан, Маржан Арапбаева, Инди Еділбаева, Данияр Өтеген (Rin Go) және басқалары. "Мулан" фильміндегі басты кейіпкерлердің бірін дыбыстаған актер Нышанбек Жұбанаев жоба қаланған күннен бастап бізбен бірге. 2011 жылы Disney студиясының қазақша сөйлеген бірінші кейіпкері Молния Маккуинді де ("Көліктер 2") сөйлеткен. Актер Берік Айтжановтың дауысымен "Жалғыз Рейнджер" фильмінде (2013 ж.) Джонни Депп, ал "Алладин" фильміндегі (2019 ж.) Джафар Нұрлан Әлімжановтың дауысымен сөйлеген. 2019 жылы актриса Айгүл Иманбаева "Ойыншықтар хикаясы 4" анимациялық фильмнің кейіпкерін сөйлеткен. Әнші үлкен экрандарға Наурыздан кейін шығатын "Мулан" фильміндегі басты кейіпкерлердің бірін дыбыстайтыны мәлім.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны