23.08.2022, 16:20 14051

Брекешев: Алматы ЖЭО-ны газға ауыстыру арқылы 2025 жылға қарай атмосфераға шығарындылар 80%-ға төмендейді

Атмосфералық ауа сапасын жақсарту шаралары шеңберінде 10 ірі қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында шығарынды 20%-ға қысқарту көзделіп отыр.
НҰР-СҰЛТАН. 23 ТАМЫЗ - Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Алматыда ЖЭО-2 газға ауыстыру 2025 жылға қарай ластаушы заттар шығарындыларын 80%-ға төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Атмосфералық ауа сапасын жақсарту" шаралары шеңберінде 10 ірі қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында шығарынды 20%-ға қысқарту көзделіп отыр. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна ластаушы заттар шығарды, бұл 803,8 мың тонна лимит кезінде 2020 жылғы деңгейден 3%-ға төмен. Осы жылдың 6 айында кәсіпорындардың эмиссиялары 293,2 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,7%-ға төмен", — деді С. Брекешев.

 
Оның айтуынша, бұл көрсеткішке табиғаты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Ол үшін кәсіпорындар өз қаржысынан 15,4 млрд теңге бөлді.
 
Мысалы, "АрселорМиттал Теміртау" қоғамының Болат департаменті агломерат бункерлер корпустары шаң тазалау жабдықтарын жаңартып, қазандық агрегаттарының электр сүзгілеріне жөндеу жүргізілді. Бұл шығарынды 1,1 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Әктасты ұсақтау корпусының шаң тазалайтын жабдықтарын қайта құру және электр сүзгілерін орнату арқылы агломераттарды жентектеу аймағының газ шығару жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Жұмыс биыл аяқталады. Жалпы, кәсіпорын бойынша 2025 жылға 30%-ға төмендету жоспарланып отыр.
 
Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекингтің түтін газын тазалау және отын газын амин қышқылымен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 3,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2030 жылға дейін 9,1%-ға төмендету жоспарланып отыр.
 
Қалдықтарды басқару саласында ұлттық жобасына 3 көрсеткіш және 16 іс-шара енгізілді. 
 

Қатты мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 3005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Жамбыл облысында 870 мың тонна түйіршіктелген шлак өңделді. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында "Былқылдақ" көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде", - деді Брекешев.

 
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өңірлерде қалдықтарды сатысына қарай басқару жүйелі жоспарлау кешенді жұмысы атқарылмай жатқанына назар аударды. Осыған байланысты, ведомствоның ұсынысы бойынша, әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі тиіс, ол нақты өңірде қалдықтарды басқарудың барлық жүйесін ескеруі тиіс және облыстардың аумақтық ерекшеліктері ескере отырып әзірленуі керек. 
 
2021 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 89,3 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 27,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 46,7 млрд теңге қаржы көзделген. Биыл ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланды.
 
2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді, деп сендірді Брекешев. Жедел мәліметтерге сәйкес, осы жылдың І жартысында жоспарланған көрсеткіштер де орындалуда. Өнеркәсіп кәсіпорындары айналымдық сумен жабдықтау нашар енгізіліп, өнеркәсіп саласында таза су алу көлемі төмендеуінің бір көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ, деп толықтырды Үкіметтің баспасөз қызметі.
 
Қазақстанда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны