26.01.2022, 17:32 44771

БЖЗҚ-дағы жинақ сомасы 13,1 трлн теңгеге жетті

Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді.
НҰР-СҰЛТАН. 26 ҚАҢТАР - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13,1 триллион теңгеге жетті. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "БЖЗҚ" АҚ сайтына сілтеме жасап.
 
Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі 2021 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 1 қаңтары аралығында 1,4 трлн теңгеден асқан таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11% артық. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 11,13%, ал инфляция 8,4% құрады. 
 
Естеріңізге сала кетейік, инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді. 
 
Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 6,04 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылған күнінен бастап (1998 жыл) инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен – 681,13%, ал инфляция 546,77% болды. 
 
Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енген кезден бастап 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 134,36% . 
 
Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен көруге мүмкіндігі бар.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны