12.06.2026, 12:09 841

Халықаралық волонтерлер жылы 200 мың қазақстандықты біріктірді

Халықаралық волонтерлер жылы 200 мың қазақстандықты біріктірді
Сурет: gov.kz
2026 жылдың басынан бері Халықаралық волонтерлер жылы 200 мың қазақстандықты біріктірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда түрлі іс-шараларға қатысқан белсенді волонтерлер санының өсуі бойынша оң динамика байқалып отыр. Олардың саны 200 мың адамға жетті.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуына маңызды серпін берді.

gov.kz

Жыл аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі 23 сәуірде Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит шеңберіндегі "Волонтерлік және экологиялық іс-қимыл" атты сессия болды. Аталған іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сюй Хаолянь және Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы, Жапония мен Ауғанстаннан келген 200-ге жуық қатысушы қатысты.

Сонымен қатар волонтерлер қауымдастығының қатысуымен тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға бағытталған "Мәдени мұраны бірге сақтайық" акциясы, "Игі істер марафоны" ұлттық жобасының көктемгі кезеңі және халықаралық "Таза жағалаулардың бірыңғай іс-қимыл күні" акциясы өткізілді.

gov.kz

Сондай-ақ жыл басынан бері шамамен 120 мың волонтер "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты.

Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Осы мақсатта еліміздің ірі қалаларында 250-ден астам белсенді волонтердің қатысуымен көшпелі фокус-топтар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 120-ға жуық ұсыныс пен ұсыным жиналды. Сонымен қатар экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы дайындалу үстінде.

Бұдан бөлек, биыл республикада Волонтерлікті дамытудың ұлттық индексі мен Волонтердің цифрлық паспорты енгізіледі.

gov.kz

Қазіргі уақытта Қазақстандағы волонтерлердің жұмысын Ұлттық фронт-офис үйлестіреді. Сондай-ақ өңірлерде 20 фронт-офис, бірыңғай колл-орталық және 1200-ден астам жобаны және 3884 ұйымды біріктірген Qazvolunteer.kz онлайн платформасы жұмыс істейді. Қазіргі кезде 56 волонтерлік жоба мен әрқайсысы 1 миллион теңгеден болатын 60 шағын грант іске асырылып жатыр.

БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлесіп Алматы қаласындағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы базасында "Азиялық волонтерлерді даярлау орталығын" құру мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ толық қаржыландыру бағдарламасы аясында қазақстандық 5 волонтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) миссияларына Аргентина мен Қытайға жіберілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны