18.02.2022, 18:36 29856

ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетілді

ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетілді
Сурет: gov.kz
НҰР-СҰЛТАН. 18 АҚПАН - Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) 2022 жылғы 7 ақпандағы шешімімен "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 2020 жылғы 11 мамырдан бастап карантиндік шектеулер кезеңіндегі өту тәртібіне" өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Енгізілген өзгерістерге сәйкес визасыз режим орнатылған елдер қатарындағы (біржақты тәртіппен немесе екіжақты келісімдер шеңберінде енгізілген) шетелдік азаматтарға, сондай-ақ ҚР Үкіметінің шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы қалпына келтірілген мемлекеттердің азаматтарына (өзекті ақпарат ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің тиісті ресурстарында тұрақты орналастырылады) әуе қатынасы арқылы Қазақстанға кіру кезінде ВАК рұқсатын алу талабы алынып тасталды, бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
 
Бүгінгі таңда Қазақстан екі жақты келісімдер негізінде 19 мемлекетпен визасыз режим орнатты (Кубамен келісім ратификациялау сатысында). Бұған қоса, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 54 мемлекеттің азаматтарына Қазақстанға кіру үшін 30 күндік визасыз режим қалпына келтірілді.
 
Осылайша, қазіргі уақытта әлемнің 73 мемлекеттің азаматтары визаны ресімдемей және ВАК рұқсатын алмай еліміздің халықаралық әуежайлары арқылы Қазақстанға келуге құқылы.
 
Жоғарыда аталған елге кіру және транзиттік өту жеңілдіктері Қазақстанға тек әуе қатынасы арқылы келетін адамдарға қатысты екенін еске саламыз. Басқа жағдайларда әлі де ВАК рұқсаты қажет.
 
Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерінде өзгеше тәртіп көзделмесе, барлық жағдайларда карантиндік шектеулер мен визалық талаптарды сақтау міндетті.
 
Бұдан басқа, ҚР азаматтарының Қазақстанның халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына рұқсат етілді, сондай-ақ шекарадан өту жиілігі бойынша мерзімді шектеу 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны