08.05.2007, 18:31 2435

Иділет министрлігі діни іс-қызметтерге байланысты мәселелерді заңмен реттеуді қолдайды

АСТАНА. 8 - мамыр. Kazakhstan Today. Иділет министрлігі республикадағы діни іс-әрекеттерге байланысты мәселелерді заңмен реттеуді қолдайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Еліміздегі қазіргі діни ахуалда мемлекеттік органдардың назары мен заңды түрде реттеуді қажет ететін беталыстар көрініс беруде",- деді бүгін үкімет отырысы барысында әділет вице-министрі Серік Нұғманов.

Ең алдымен, оның айтуынша, бұл "республика аумағындағы исламның радикалдық ағымы мен Қазақстан үшін дәстүрлі емес бағыттарға" қатысты болып отыр. "Діни бірлестіктер мен шетелдік миссионерлер тарапынан тіркеу, лицензиялау, білім беру іс-қызметі, діни мазмұнды материалдарды тарату мәселелері бойынша қолданыстағы заңды бұзу деректері бой көтеруде",- деп түсіндірді С. Нұғманов.

Сонымен қатар, вице-министрдің пайымдауынша, "діни білім беру бағдарламасының сапасы мен мазмұнына қажетті бақылау қойылмайды". Ол, "Қазақстанда 16 діни оқу орындары тіркелгендігін, олардың ішінде тек Египеттің "Нұр-Мұбарак" ислам мәдениеті университетінде ғана білім беру іс-қызметіне лицензиясы бар екендігін" атап көрсетті.

"Еліміздегі негізгі діни конфессиялардың дін уағыздаушыларының білім деңгейінің төмендігі конфессияаралық келісімді нығайтуға және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік бермейді",- деді С. Нұғманов.

Сонымен қатар, министр "дінтану ілімін игерген мемлекеттік қызметкерлерді дайындауда да проблемалар бар" деді. Осыған байланысты, С. Нұғмановтың айтуынша, "мамандықтардың жіктеуіне "теология" мамандығын қосу туралы мәселе шешілген, қазір оның мемлекеттік стандарты әзірленуде".

С. Нұғманов сондай-ақ, "еліміздің аумағына діни мазмұндағы дыбыс- және бейне өнімдерінің әкелініп жатқандығын, сонымен қатар басылып және таратылып жатқандығын" атап өтті. "Іріткі салу сипатындағы элементтері бар өнімдерді таратудың алдын алу мақсатында әділет министрлігі дінтану сараптамасын жүргізу ережесін әзірледі",- деп түсіндірді ол.

"Бүгінгі күнде еліміздің аумағында 356 шетелдік азаматтар жүзеге асырып жүрген миссионерлік іс-қызметтерді реттеу мәселесі өз шешімін таппай отыр",- деді вице-министр. Сондықтан да, оның пайымдауынша, "діни бірлестіктер мен діни топтардың белгілері мен құрылымын анықтау, наным ілімін, діни өнімдерді таратуды реттеу, діни бірлестіктердің жарғысына қосымша талаптар қою мәселелері" заңды шешімді талап етеді.

"Көрсетілген проблемалар құқықтық базаның жетілмегендігінен туындап отыр және де оларды жою мақсатында "Діни бірлестіктер мен сенім-наным бостандығы мәселелері жөніндегі заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленген. Концепция ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданған", - деп түсіндірді С. Нұғманов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны