13.10.2022, 14:17 15221

Вьетнамдық әуекомпания 25 қазаннан бастап Қазақстанға тұрақты әуерейстерді орындауды бастайды

Ұшулар аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) А-330 типті әуе кемелерімен жүзеге асырылады.
Вьетнамдық әуекомпания 25 қазаннан бастап Қазақстанға тұрақты әуерейстерді орындауды бастайды
Астана. 13 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей рейстің ашылуының тұсаукесері өтті. Салтанатты шараға Вьетнам Социалистік Республикасының Вице-президенті Во Тхи Ан Суан ханым қатысты, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
 

VietJet Air вьетнамдық авиакомпания 2022 жылдың 25 қазанынан бастап Алматы - Нха Транг бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастайды. Ұшулар аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) А-330 типті әуе кемелерімен жүзеге асырылады", - деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

 
Сондай-ақ, Vietjet Air 2022 жылдың 25 желтоқсанынан бастап Астана – Нха Транг бағыты бойынша ұшуларды бастауды жоспарлап отыр. Рейстер А-330 типті әуе кемелерімен аптасына 2 рейс жиілігімен (дүйсенбі, бейсенбі) орындалатын болады.
 
Сонымен қатар, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтің вьетнамдық Vietjet Air авиакомпаниясының вице-президенті Чу Виет Цуонг мырзамен кездесуі өтті.
 
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасы мәселелерін талқылады. Қазақстандық тарап Vietjet Air әуекомпаниясына Қазақстанға рейстерді іске қосуға және ұлғайтуға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
 
VietJet Air - 2007 жылы құрылған вьетнамдық төмен бюджеттік авиакомпания. 100-ге жуық Айрбас А-320, А-321 және А-330 типті әуе кемелерін пайдаланады. Авиакомпанияның штаб пәтері Хошимин қаласында (Вьетнам) орналасқан. 52 ішкі және 52 халықаралық бағыттар бойынша рейстерді орындайды. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мүшесі болып табылады.
 
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында Қазақстан мен Вьетнам әуе қатынасын қайта бастау туралы келісті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны