21.07.2021, 23:50 17024

"Қызыл" мәртебесі бар карантинді бұзушылардың есімдері БАҚ-та жарияланады

НҰР-СҰЛТАН. 21 ШІЛДЕ - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті. Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, вице-премьер мемлекеттік органдар өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша келесі шараларды қабылдауды тапсырды: 
 
  • жаңа штаммдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу; 
  • "QazVac" отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу; 
  • карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау; 
  • вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру; 
  • коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу; 
  • коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін "Ремдесивир" препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау; 
  • Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакциналау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құрсын; 
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Атамекен" Ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін "Ashyq" бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдетсін.
 
Ералы Тоғжанов мониторинг топтарының жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ҚР ІІМ мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұдан басқа, ВАК "Ashyq" арқылы тіркелген қоғамдық орындарға баратын "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін "қызыл" мәртебесі бар бұзушылардың есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 
 
Сондай-ақ, вице-премьер Е.Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңірлердің әкімдіктеріне вакциналау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясынан вакциналаумен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.
 
20 шілдедегі 23.59 жағдай бойынша Қазақстанда ПТР тестінің оң нәтижесі бар коронавирустың 504 290 жағдайы расталды. Өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 5 179 жаңа жағдайы тіркелді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны