31.08.2021, 20:44 5520

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.
НҰР-СҰЛТАН. 31 ТАМЫЗ - Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қорғаныс ведомство басшысы Н. Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.
 

Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі (бұрынғы министр - Ермекбаев бүгін отставкаға кетті. - Агенттіктің ескерт.) өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

 
Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Н.Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін бұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.
 

Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс", - деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

 
Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.
 
Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Нәтижесінде 15 адам қайтыс болды, тағы біреуін іздеу жалғасуда. 90-нан астам адам жарақат алды. Оқиға себептерін анықтаумен құрылған жедел-тергеу тобы айналысуда. Алдын ала болжамдар бойынша себептер әртүрлі болуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, өздігінен жану, химиялық реакция. Сондай-ақ қасақана өртеу немесе диверсия сияқты болжамдар да қарастырылуда. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны