28.09.2021, 21:24 27444

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысында сөз сөйледі

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қаруды толық жою үшін халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырысында сөз сөйледі.
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қаруды толық жою үшін халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы осындай маңызды отырысты шақырғаны үшін жиналғандарға алғыс айтты.
 

Бүгінде адамзат COVID-19 пандемиясының әсерінен әлі зардап шегуде. Індет қоғамның қаншалықты әлсіз әрі мұндай дағдарысқа дайын емес екенін көрсетіп берді. Вирустың зардабы көп жағдайда ауыр екеніне қарамастан, адамзаттың шынайы тыныс-тіршілігіне қауіп төндірмейді. Алайда, оны ядролық қарудың нақты қаупіне қарсы бірлескен күш-жігерімізді арттыра түсу қажет екенін білдіретін дабыл белгісі деуге болады", - деді Тоқаев.

 
Ол кейбір елдерде жасалып жатқан ядролық бағдарламалардың қарқын алуын үнемі төнетін террорлық қауіп-қатермен байланыстыратын болсақ, ақырзаман орнататын қарулардың қолданылу қаупі арта түсетінін атап өтті.
 
Дегенмен, Қазақстан Президенті атап өткендей, жуырда ғана бұл бағытта белгілі бір деңгейде оң қадамдар жасалып жатқанына куә болдық. Мысалы,
 
- Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт күшіне енді;
 
- Иранмен арадағы ядролық қаруға қатысты мәмілені қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер қайта қаралуда;
 
- шабуылдауға арналған қаруларды азайту жөніндегі жаңа шарт ұзартылды;
 
- АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық тұрақтылық туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.
 

Әрине, өзара жоюға кепілдік беретін доктрина ядролық державалардың жуық арада өз арсеналынан бас тартуы екіталай екенін білдіреді. Сондықтан 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыруға ұмтылатынымыз туралы мәлімдей отырып, көңілдегіні нақты іске асыратынымызға скептиктер күмәнмен қарауы мүмкін. Біздің тарихи тәжірибеміз мұның басқаша болатынын көрсетеді", - деді Мемлекет басшысы.

 
Ол Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдап, ядролық қуаты жағынан төртінші саналатын арсеналынан бас тартқанына биыл 30 жыл толғанына еске салды.
 

Он бес жылдан кейін Орталық Азия мемлекеттері өз өңірлерін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Бұл – толықтай Солтүстік жарты шарда орналасқан алғашқы ядросыз өңір. Ядролық қару саяси таңдау болғандықтан жағдай мен стратегиялық әдістер тез өзгеруі мүмкін", - деді Қазақстан Президенті.

 
Ол Қазақстанның Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізуге бел байлағанын тағы да нақтылады.
 

Қазақстан адамзаттың дамуы жолында ядролық қарудан бас тарту жөніндегі басымдығын одан әрі пайдалана беретінін бұл бағыттағы оң қадам ретінде атап өткім келеді. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт ядролық энергияны азаматтық мақсатқа заңды түрді пайдалану мен ядролық қаруды таратудың ара-жігін ажыратады. Ядролық қуат бірте-бірте төмен көміртекті энергияның маңызды көзіне айналуда", - деді Тоқаев.

 
Ол Қазақстанда өз атом өнеркәсібін дамыту үшін кешенді техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатқанын қосты.
 

Ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыру менің үкіметімнің саясатындағы басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанды ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың жақтаушысы етті. Сонымен қатар біздің ұлттық тұтастығымыздың бір бөлігіне айналды. Біз қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жолындағы күш-жігерімізді алдағы уақытта сіздермен бірлесе жұмсауға дайынбыз", - деді Қазақстан Президенті.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны