09.06.2022, 16:39 17811

Сенат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы заң қабылдады

Сенат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы заң қабылдады
Сурет: pixabay.com
НҰР-СҰЛТАН. 9 МАУСЫМ - Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заң жобаларын қарады. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заңды қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев, алдымен, 5 маусымда өткен республикалық референдумның нәтижесіне тоқталып, азаматтардың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіргенін айтты. Сенат Төрағасы ендігі міндет елдің қалауын іске асыру екенін де тілге тиек етті.
 

Мемлекет басшысы айтқандай, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Бұл Парламентке үлкен әрі жауапты міндеттер жүктейді. Конституциядағы өзгерістерге сәйкес ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізуіміз қажет. Осыған орай Сенат жұмысын да жетілдіру керек. Біздің басты мақсатымыз – демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Отырыс барысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
 
Бұл құжат энергияны үнемдеуге және оның тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар маңызды өзгерістерді көздейді. Заң қабылданған жағдайда энергия үнемдеу саласы үшін субъектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау енгізілмек. Бұл мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілі болатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді энергия жағынан тиімді сатып алуды енгізу ұсынылып отыр. Сенаторлар аталған заң жобасын мақұлдап, оны екінші оқылымда қарауға жіберді.
 
Сонымен қатар Палата отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.
 

Бұл заң жобасы сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, сондай-ақ, банк қызметі саласын реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді мақсат тұтады. Соған байланысты заң жобасында жаңа өнімдерді енгізу, жекелеген талаптарды оңтайландыру және қызметтерді цифрландыру сияқты құқықтық шаралар қарастырылған. Тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау сапасын одан әрі арттыруға арналған қосымша тетіктер де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ Сенат заң жобасының кейбір нормаларын қайта қарауды ұсынып отыр", – деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Палата Төрағасы.

 
Атап айтқанда, сенаторлар жол көлік оқиғасы кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізуді ұсынды. Олар сақтандыру омбудсмені барлық сақтандыру дауларын міндетті түрде сотқа дейін реттеу тәжірибесін енгізу қажет екеніне де назар аударды. Сенат депутаттары ұсынған осы және басқа да түзетулерді қамтитын заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
 
Палата отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.
 
Мемлекет басшысы заңға қол қойған жағдайда есту қабілеті төмен адамдар сотта ымдау тілі маманының қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдар бар азаматтарға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.
 
Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау күшейтіледі. Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуі және оның инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті бюджетке аударатын шығыстарының бір бөлігі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады.
 

Осы заң мүгедектігі бар адамдарды қорғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Сондай-ақ бұл бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді. Кедергісіз орта қалыптастыруға арналған ережелер де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенаторлар аталған бағытты үнемі назарда ұстап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қарай жалғастыра береді", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Дана Нұржігітова Үкімет басшысына әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге дейін төмендету мәселесін қарауды ұсынды.
 
Әбдәлі Нұралиев белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын лайықты деңгейде атап өту мәселесін көтеріп, осы бағытта бірқатар нақты ұсыныстар айтты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:СенатЗаң

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны