08.09.2022, 17:15 25686

Смайылов төтенше жағдайларға дайындықты толық тексеруді тапсырды

Смайылов төтенше жағдайларға дайындықты толық тексеруді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 8 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай және басқа облыстардағы табиғи өрттердің салдарын жою, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен қызметтерін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері жөніндегі кеңес өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

ТЖМ басшысы Юрий Ильин бүгінгі таңда Қостанай облысындағы өртке байланысты күрделі ахуал тұрақтанғанын айтты. Министрдің сөзінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Қызыл жалынның беті қайтты, жеке оқшауланған аймақтардағы өрт сөндіріліп жатыр. Бүгінгі таңда эвакуацияланған азаматтардың көбі үйлеріне оралды. Сонымен қатар бірқатар басқа өңірде өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, бұл жұмысқа ТЖМ мен әкімдіктер күштері мен қаражаты жұмылдырылды", - деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

 
Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдардың төтенше жағдайларға дайындығына толық тексеру жүргізу қажеттігін атап өтті.
 

Қостанай облысындағы өрт азаматтық қорғау органдарын, табиғатты қорғау және орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін жедел шешіп, хабарландыру жүйесін жаңғырту қажеттігін көрсетті", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Сонымен қатар, Премьер-Министр барлық өңірлердегі азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көбейту және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын, сондай-ақ Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қатысқан қызметкерлерге сыйақы беру мәселелерін пысықтауды тапсырды.
 
Үкімет басшысының ойынша, жауапты мемлекеттік органдар ірі ТЖ жою кезіндегі әрекет пен өзара іс-қимыл алгоритмдерін қайта қарауы қажет.
 

Облыстағы өрт кезінде жауапты лауазымды тұлғалар тиісінше және уақытылы әрекет етпеді. Осы жағдай бойынша қорытынды жасау керек. Кінәлілер жазалануы тиіс", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Әулиекөл ауылында баспанасыз қалған азаматтарға арнап 91 жаңа үй салу үшін 12 га жер учаскесі бөлінгенін хабарлады. Жалпы алаңы 100 шаршы метр болатын бір қабатты тұрғын үйлер салынады. Жер учаскелеріне қажетті инфрақұрылым (су, газ, электрмен жабдықтау) және кірме жолдар салынады. 12 жергілікті мердігерлік ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарын бастады.
 

Қысқа дейін адамдар үйлеріне кіріп үлгеруі үшін бұл жұмысты жылдам аяқтау керек", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Одан бөлек, Премьер-Министр орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша ұсынысты қолдап, сондай-ақ орман алқабын қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
 
Қазіргі уақытта Қостанай облысында табиғи өрт ауыздықталды.
 
Экологтар Қостанай облысының экожүйесін қалпына келтіруге 70-тен 150 жылға дейін уақыт кетеді деп санайды.
 
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Катон-Қарағай, Глубоковский және Алтай аудандарында өрттерді сөндіру жалғасуда. Қалыптасқан өрт қауіптілігіне бесінші сынып берілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны