13.10.2022, 15:47 16796

АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады

АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады
Сурет: Ақорда
Астана. 13 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - АӨСШК саммитіне қатысушылар форумды толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға шешім қабылдады. Бұл ұсынысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар маңызды басымдықты іске асыруды көздеді.
 

Саяси диалогтың аймақтық платформасы ретінде АӨСШК-тің кемелдігі мен тиімділігі оны одан әрі трансформациялаудың бастауы болмақ. Мүше мемлекеттер қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және солай екеніне келіседі. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді. Кеңестің мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі артып келе жатқан рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара іс-әрекетін жаңа деңгейге шығарады", – деді Қазақстан Президенті.

 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің алдында маңызды міндеттер тұрғанына тоқталып, Кеңеске мүше мемлекеттердің тығыз ынтымақтастығы мен қолдауына сенім артатынын айтты.
 

Бірінші, экономикалық өлшем. Өзара тұрақты байланыс жөніндегі АӨСШК Кеңесін құру дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті екенін тағы да нақтылады. Сондай-ақ кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді.
 

Қазақстанға төрағалық етуді тағы екі жылға сеніп тапсырғаныңыз үшін мүше мемлекеттерге алғыс айтамын. Қазақстан АӨСШК процесінің бастамашысы ретінде біздің ұйымды барлық мүше мемлекеттердің игілігі мен мүддесі үшін одан әрі дамытуға ұмтылатын болады", - деп атап өтті ҚР Президенті.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны