19.10.2022, 14:54 12031

Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ - Тоқаев

Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ - Тоқаев
Сурет: Telegram/БОРТ №1
Қонаев. 19 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ, деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесуде, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Бабаларымыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл" деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек", - деп атап өтті Тоқаев.

 
Оның пікірінше, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек.
 

Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр. Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ", - деді Тоқаев.

 
Ол мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылады.
 

Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. "Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны