08.01.2026, 16:29 109036
Аида Балаева Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкіметтің 2025 жылғы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, қазіргі заманда көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан көптеген елдер өз көші-қон саясатын қайта қарап жатыр. Қазақстан да бұл бағытта нақты қадамдар жасап, көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып келеді. Ол ашық әрі айқын болып, ең бастысы мемлекет пен азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс.
2025 жылғы желтоқсанда Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжатта экономиканың қажеттілігі, азаматтардың мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қарастырылған.
Ең алдымен, біз Қазақстан азаматтарының мүддесін басшылыққа аламыз. Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады. Көші-қон бағыт-бағдары өңірлер мен нақты жобалардың сұранысына сай қалыптасады", - деді ол.
Бұл ретте басты назар "Заң және Тәртіп" қағидатының сақталуына салынатын болады.
Заң бәріне ортақ. Сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен сырт айналып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз - Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі", - деп атап өтті министр.
2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді.
Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар.
Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл - Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады", - деп түсіндірді Аида Балаева.
Сонымен қатар балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда өңірді өз қалауыңызша таңдай аласыз.
Министрдің айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.
Көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі бақылауда болуға тиіс. Тек сонда ғана ол мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді", - деп түйіндеді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
04.03.2026, 11:34 1846
6 760 мектеп мектептегі тамақтануды "Әлеуметтік әмиян" арқылы цифрлық есепке алуға көшті
Сурет: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Достарға айту
Қазақстанда 6 760 жалпы білім беретін мектепте оқушыларға берілетін тегін және жеңілдетілген тамақты есепке алу үшін "Әлеуметтік әмиян" цифрлық құралына көшу аяқталды. Жоба 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асырылып келеді, ал мектептегі тамақтану бағыты 2024 жылдан бастап енгізілуде, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен.
Құрал асханаға баруды тіркеу арқылы тамақ алу фактісін автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз етеді. Жеткізушілермен есеп айырысу тек нақты берілген тамақ үшін жүргізіледі. Бұл мектепке келмеген балалар үшін қаражат есептеуді болдырмайды. Жеңілдік алу құқығы мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерімен интеграция арқылы расталады. Ата-аналардың деректерді өңдеуге келісімі болған жағдайда ваучерлер автоматты түрде қалыптастырылады.
Алушылар санаты өзгерген жоқ. 1-4 сынып оқушылары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін тамақ алады. Жоғары сыныптарда жеңілдік жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де санаттарға беріледі.
Мектептер аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталып, "Бизнес-әмиян" қосымшасына қосылды. Жабдықтау жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады. "Әлеуметтік әмиянды" қолдану есептің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.03.2026, 09:10 2396
Газ саласында 25 жаңа перспективалы учаске геологиялық барлауға енгізіледі
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғи газдың ресурстық әлеуетін арттыру мақсатында Энергетика министрлігі "QazaqGaz" ҰК" АҚ-мен бірлесіп кешенді геологиялық барлау бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама саланың шикізаттық базасын нығайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Өткен жылы ұлттық компания Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2 және Саралжын учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде 5 келісімшартқа қол қойды.
Үш жобаға стратегиялық серіктестер тартылды. Ал екі учаскедегі жұмыстар бейінді еншілес ұйымның күшімен жүргізіледі.
Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. CNPC компаниясымен келісімге қол қойылып, тікелей келіссөздер кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта Солтүстік-1 учаскесі бойынша келісімшарт жасау күтілуде. Сонымен қатар Eni компаниясымен Каменковский учаскесін бірлесіп зерттеу жұмыстары басталды.
Chevron корпорациясымен әріптестік аясында КТ-III учаскесі бойынша 3D-сейсмобарлау деректерін интерпретациялау жұмыстары сәтті аяқталды. Нәтижесінде жоба экономикалық бағалау кезеңіне өтті. Сонымен қатар негізгі магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ қоймаларын салу бойынша кешенді есеп әзірленді. Бұл елдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
2026 жылы ресурстық базаны игеру қарқыны артады. Жоспарға сәйкес, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 25 жаңа перспективалы учаске енгізіледі.
Елімізде геологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануда белсенді жұмыстар жалғасады. Басым бағыт - CNPC компаниясымен Северный-1 учаскесі, Chevron компаниясымен КТ-III учаскесі бойынша толыққанды келісімшарттарға қол қою және Eni компаниясымен Каменковский учаскесінде геологиялық-геофизикалық зерттеулердің белсенді кезеңіне өту.
Сонымен қатар, іздестіру жұмыстарының географиясы Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу-Сарысу бассейндерінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алумен кеңейеді. Компания Балқаш шөгінді бассейнінің келешегін егжей-тегжейлі талдап, алдағы геологиялық барлау бағдарламаларын нақтылайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 18:11 731
Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі отын-энергетика кешенінің жағдайы, негізгі жобаларды жүзеге асыру барысы және секторды одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президентке мұнай саласында орнықты динамика сақталып тұрғаны айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысына мұнай өңдеуді ұлғайту жоспары баяндалды. Сол арқылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына - 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты - 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырады.
Ерлан Ақкенженов 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берді. Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтереді. Бұдан бөлек, "Көмір өндіруді дамыту" ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынды.
Кездесу соңында Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізу маңызды екеніне тоқталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 17:53 856
Қазақстан табиғатты қорғау жөніндегі тұжырымдаманы бекітті: 2026-2035 жылдарға арналған биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасының мақсаттарын ашамыз
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Үкіметі биологиялық әртүрлілікті сақтау және оны орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдаманы қабылдады. Бұл - табиғатты қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру және биоәртүрлілікті ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тұжырымдаманың қабылдануы Қазақстанның 1994 жылы ратификацияланған Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция шеңберіндегі міндеттемелерін орындауға бағытталған. Бұл құжатқа сәйкес қатысушы елдер ұлттық стратегиялар әзірлеуге міндетті. Сонымен қатар, Тұжырымдама 2050 жылға қарай табиғатпен үйлесімділікті қалпына келтіруге бағытталған Куньмин-Монреаль жаһандық биоәртүрлілік бағдарламасының ауқымды мақсаттарын іске асырудың негізі болып табылады.
Тұжырымдама - бұл болашаққа бағытталған инвестиция, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру жолындағы көпжылдық жүйелі еңбектің жемісі.
Мамандардың, ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және БҰҰ Даму Бағдарламасымен Қазақстандағы серіктестік арқасында теңдестірілген әрі амбициялық құжат әзірленді. Бұл құжат биоәртүрлілікті қорғау бойынша нақты шараларды жоспарлаудың негізіне айналады, оның ішінде елдегі орманды алқаптарды ұлғайту, ормандарды өрттен қорғау шараларын жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту қарастырылған.
Тұжырымдама еліміздің игілігі мен орнықты дамуының негізі ретінде табиғи байлықты сақтау жолындағы басты бағдарға айналады.
Тұжырымдама Мемлекет басшысының бастамаларына тікелей қолдау көрсетіп, "Таза Қазақстан" қағидаттарын іске асырады. Оның идеологиясы тәсілді түбегейлі өзгертуге негізделген: яғни келтірілген залалдың салдарымен күресуден - проактивті басқаруға және табиғи капиталдың таза өсімін қамтамасыз етуге көшуді көздейді.
Конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылатын бұл құжат нақты нысаналы индикаторларды және басым бағыттарды іске асыру бойынша нақты шараларды белгілейді.
Биоәртүрлілікті сақтау - бұл планетамыздың болашақтағы өміршеңдігін айқындайтын ортақ жауапкершілік. Осы құжаттың қабылдануы экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға және еліміздің табиғи байлығын келешек ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Қабылданған Тұжырымдама ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің кең ауқымды салааралық жұмысының нәтижесі болып табылады. Құжат Қазақстандағы БҰҰДБ-ның қолдауымен, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан жоба шеңберінде және ұлттық сарапшылар қауымдастығының қатысуымен әзірленді.
Тұжырымдаманың бекітілуі - мемлекеттік органдардың, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының жемісі. Құжатты әзірлеу барысында халықаралық тәсілдер мен ұсынымдарды ескере отырып, негізгі ұлттық басымдықтарды айқындау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қазақстанның табиғатты қорғау қауымдастығын осынау маңызды стратегиялық құжаттың қабылдануымен құттықтаймын", - деп атап өтті Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) директоры Вера Воронова.
Тұжырымдама 8 негізгі бағытты және 13 нысаналы индикаторды қамтиды.
Бірінші бағыт - біртұтас экологиялық желіні және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту. Мұндай аумақтарды құру өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің нысандарын сақтаудың ең тиімді тетігі әрі жалпыәлемдік тәжірибесі болып табылады.
Жалпы, 2035 жылға қарай ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін 31 млн гектардан 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Екінші бағыт - ормандарды күзету мен молайтудың тиімділігін арттыру, орманды орнықты пайдалануды дамыту.
Қолда бар ормандарды сақтай отырып және орман дақылдарын отырғызу көлемін ұлғайту арқылы еліміздің орманмен қамтылған аумағын 14,7 млн гектарға жеткізу жоспарлануда (қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 13,9 млн гектарды құрайды).
Тағы бір маңызды бағыт - ағаш ресурстарын ұтымды пайдалану. Тұжырымдамада отандық ағашты терең өңдеуді енгізу және 2035 жылға қарай ағаш өңдеу саласының өнімін бес есеге арттыру қарастырылған.
Үшінші бағыт - жануарлар дүниесін мониторингілеу, қорғау және орнықты пайдалану жүйесін жетілдіру.
Бұл ретте Тұжырымдамада Қызыл кітапқа енген жануарларды сақтауға және олардың санын тұрақты түрде арттыруға, сондай-ақ аңшылық (оның ішінде трофейлік аңшылық) нысаны болып табылатын жабайы жануарларды орнықты пайдалануға бағытталған бірқатар іс-шаралар қарастырылған.
Төртінші бағыт - ихтиофауна және табиғи балық ресурстары. Бұл салалар мониторинг жұмыстарын күшейтуді және қауіп-қатердің барлық түрлерін терең зерттеуді талап етеді.
Бесінші және алтыншы бағыттар өсімдіктер дүниесі бойынша ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ жайылымдардың тозуы сияқты өзекті мәселені қамтиды. Мониторинг, түгендеу және озық ғылыми негізделген шешімдерді қолдану - қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұрудың негізгі жолдары болып табылады.
Соңғы екі бағыт биоәртүрлілікті сақтау мен орнықты пайдаланудың бүкіл жүйесінің негізі мен діңгегі болып табылады. Биоәртүрлілік туралы барлық деректерді жинақтау және жүйелеу, сондай-ақ индикаторлардың тиімді жүйесін құру осы бағыттағы ұзақ мерзімді стратегияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биология ғылымдарының кандидаты Александр Бербердің пікірінше, биоәртүрлілік саласындағы ұлттық міндеттерді айқындау және тұжырымдамалық құжатты бекіту мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жеке сектордың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл тек сирек кездесетін және негізгі түрлерді ғана емес, бүкіл биоәртүрлілікті сақтау мен қалпына келтіруге жол ашады. Себебі аталған шаралар тек қорғау іс-шараларымен ғана шектелмей, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасын қорғаумен де тікелей байланысты.
Қабылданған Тұжырымдама Қазақстанның Орталық Азиядағы табиғатты қорғау саласындағы көшбасшылығын нығайтады. Сонымен қатар, ол орнықты әрі үйлесімді болашақ құруға бағытталған жаңа ұлттық және халықаралық серіктестіктер үшін бірегей платформа қалыптастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 15:17 1036
Өңірлерде су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг және тасқынға қарсы жұмыстар жүргізілуде
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары жалғасуда. Еліміздің барлық өңірінде су қоймаларын кешенді тексеру, қардың қалыңдығына мониторинг жасау және гидротехникалық нысандардың жай-күйін тексеру арқылы ықтимал су басулардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ақтөбе облысында Ақтөбе, Қарғалы, Мақажан және Ырғыз ауданының су қоймаларын әуеден патрульдеу және көшпелі тексеру жүргізілді. Гидротехникалық нысандардың жай-күйіне, қардың қалыңдығына және өзен сағаларына ерекше көңіл аударылды. Негізгі міндет ықтимал тәуекелдердің алдын алу және өңір тұрғындарын қорғау.
Шығыс Қазақстан облысында "Семей - Алтай ауданы - Үлкен Нарын ауданы - Қатонқарағай ауданы - Семей" маршрутымен қар көшкіні және су тасқыны қаупі бар учаскелерге комиссиялық әуеден визуалды барлау жүргізілді. Бұқтырма өзені мұз астында, аздаған еріген жерлер мен ойпаттар бар. Сонымен қатар "Өскемен - Тайынты өзені (Ұлан ауданы) - Лайлы өзені (Самар ауданы) - Өскемен" маршрутымен жағдай тексерілді. Лайлы, Ешкібай және Төменгі Тайынты су қоймаларының бөгеттерін тұтас мұз жабыны басқан. Тексерілген аумақты толықтай қар басқан. Қар көшкіні және гидрологиялық ахуал тұрақты, қар көшкіні қаупі тіркелмеген, гидротехникалық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Шымкент қаласында су тасқыны қаупі бар учаскелер, өзен арналары және суармалы жүйелерге әуеден мониторинг жүргізілді. Арық-суармалы каналдарға, су өткізгіш нысандарға және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жай-күйіне ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижесінде алдағы уақытта жүргізілетін алдын алу шаралары анықталды.
Батыс Қазақстан облысында елді мекендердегі мұз кептелістерін жою үшін жалпы ауданы 43 000 шаршы метрді құрайтын 83 учаскеде мұз жару жұмыстары басталды, бұл су тасқыны қаупін азайтады. Іс-шаралар Орал қаласы мен Жәнібек ауданының аумағында жүргізілді. Алдағы уақытта мұзды қопсыту жұмыстары облыстың 5 ауданында жалғасады. Аталған шаралар облыстың елді мекендеріндегі мұз кептелістерін жоюға бағытталған.
Павлодар облысында ТЖД, әкімдік, "Қазгидромет" АҚ филиалы және басқа қызметтермен бірлесіп Ащысу өзенінің тасқын қаупі бар учаскелерін тексерді, қар жабынының биіктігі мен мұздың қалыңдығы өлшенді. Жаңажол - Ескелді су шаюы ықтимал учаскелеріне және су тасқыны кезінде су басу қаупі бар Көкдомбақ ауылына апаратын жолға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қ. Сәтпаев, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарындағы лимандар тексерілді. Жұмыс тобы ықтимал трансшекаралық тәуекелдерді жан-жақты бағалау үшін Қарағанды облысына да барды. Қаратоқа және Ақжар бөгеттеріндегі жағдай тексеріліп, Павлодар облысының аумағын су басу қаупі бағаланды.
Қарағанды облысында өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, елді мекендерді, жолдарды және инфрақұрылым нысандарын су басудан қорғау шаралары күшейтілді. Облыста қорғаныш бөгендері мен білектері нығайтылып, су ағызу каналдары мен арықтар, сондай-ақ су өткізгіш нысандар тазартылуда. Елді мекендерден қар белсенді түрде шығарылуда. Тасқын қаупі бар учаскелерге және гидротехникалық нысандарға ерекше назар аударылған. Қажетті инертті материалдар, қаптар, жанар-жағармай мен азық-түлік қорлары жасақталған, арнайы техника дайындалып, жедел штабтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар тұрғындарға қауіпсіздік шаралары мен су басу қаупі туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі туралы ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына дайындық шаралары жүргізілуде. ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдардың волонтерлері көктемде қар ерігенде су басуға бейім облыс орталығындағы Жұмысшы кентінің жеке секторындағы су өткізу каналдары мен кюветтерді тазалауға қатысты. Сонымен қатар жалғызбасты зейнеткерлердің ауласынан қар шығарылып, тұрғындарға алдын алу сипатындағы жадынамалар таратылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 15:16 311
ҚазАвтоЖол: 2026 жылғы жол-құрылыс маусымында барлық жұмыс түрлерімен 8,9 мың шақырым қамтылады
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, "ҚазАвтоЖол" ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде "ҚазАвтоЖол" басшылығы 2025 жылдың қорытындыларымен жəне 2026 жылға жоспарларымен бөлісті.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылғы жол-құрылыс маусымында жалпы 8 мың 800 шақырым автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылды. Биыл 8 мың 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 3 мың 400 шақырым - құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым - күрделі жөндеу, 5 мың 200 шақырым - орташа жөндеу. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Осы жоспарланған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін 10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары əзірленуде. Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы жəне 193 асфальтбетон жəне бетон зауыттары жұмылдырылады", - деді ол.
Құрылыс жəне қайта жаңарту
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес биыл жалпы ұзындығы 3 мың 400 шақырымды құрайтын жаңа құрылыс жəне қайта жаңарту жобаларының құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе-Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталып, осы айда құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал "Орталық-Батыс" жобасы бойынша Ұлттық компания мобилизация жүргізіп, дайындық жұмыстарына кіріскен. Қалған жобаларға Үкіметтің қолдау білдіруінің арқасында (Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, Бейнеу-Сексеуіл, Ұлғайсын-Сексеуіл) Қазақстанның даму банкі және өзге де халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп конкурстық рəсімдерді жүргізілуде. Атап өте кететіні, осы аталған барлық жобалардың құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану, жергілікті мамандарды тарту жəне техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) қолдану көзделген.
Шекаралық инфрақұрылымды дамыту аясында Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2028 жылға дейін 37 пунктіні жаңғыртуды жоспарлануда. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 5 пунктте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр. Қалған 23 өткізу пункттері бойынша дайындық жұмыстарын басталды.
Ақылы жолдар
Ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр екен. Қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4 мың 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол телімдері бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Қазіргі таңда бұл өзгерістер мемлекеттік органдармен мақұлдануда.
Өткен жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті. Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп ұстауға бағытталды. Түскен кіріс есебінен: - 1 мың 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды; - 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілді; - 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді", - деді басқарма төрағасы.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мəселелері ұлттық компанияның басым бағыттарының бірі. Бұл тұста ақылы жол телімдерінде қозғалыс қарқындылығы 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға төмендегенін атай кету қажет. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шаралар қабылдау нəтижесінде эвакуацияланған азаматтар саны 3 есе қысқарды. Сондай-ақ былтыр 700 мыңнан астам автокөлікке колоннамен сүйемелдеу қызметі көрсетілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа тəсілдерінің бірі ретінде орташа жылдамдықты есептеу тетігі енгізілді.
Су тасқынына дайындық
Компания басшысының айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық кешенді түрде жүргізілуде. Мысалы, 2024-2025 жылдары бір мыңнан астам су өткізу құбырлары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы атқарылған жұмыстардың нəтижесінде қауіпті учаскелер саны екі есеге қысқарған. Сонымен қатар, тасқынның алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 219 карьерді тарта отырып, инертті материалдар қоры қамтамасыз етілген. Соның ішінде құм, топырақ, қиыршық тас пен кесектас секілді негізгі жолқұрылыс материалдары əзірленді.
Автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС)
Автожолдардың жабынын озудан сақтау мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату бағдарламасы іске қосылған. Былтыр 24 станса орнатылып, республикалық автожолдарда олардың жалпы саны 46-ға жетті. 2028 жылға дейін қосымша 80 жаңа станса орнату жоспарлануда.
Одан бөлек Жолдарды басқару үдерістерін бағытында Интеллектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) цифрлық шешімдер енгізілуде. Былтыр пилоттық жоба ретінде "Алматы-Қонаев" ақылы жол телімінде тесттік режимде интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылды. Жоба аясында жасанды интеллектінің элементтерін пайдалану арқылы жол-көлік оқиғаларын, жануарлардың жолға шығу фактісін, ауа райының өзгеруін жəне жол ережесін бұзғандарды анықтау көзделген. Дəл осындай шешімдер "Астана-Теміртау" жəне "Астана-Щучинск" учаскелерінде енгізу жоспарланып отыр. 2025 жылы 1403 байланыс орталығы толық автоматтандырылып, жол пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу көлемі 2 есе артты, яғни 500 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін көбейді. 1403-тің қызметтерін одан əрі жетілдіру мақсатында "Сапар" зияткерлік жасанды интеллект диспетчерін енгізуді қолға алдық. Ол "Алиса" жəне "Сири" секілді дауыс көмекшілері қағидаты бойынша қолданушыларға цифрлік ассистент қызметін көрсететін болады", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жол бойы сервисті дамыту
Оның айтуынша, бүгінде республикалық автожолдардағы жол бойы сервис нысандарының 1 мың 421-ге жетті. 2023-2025 жылдар аралығында толық қызмет көрсететін 123 жаңа заманауи нысан іске қосылды. Биыл жеке инвестициялар есебінен қосымша 37 нысан ашу жоспарланған. Жолдардың бойында 176 модульдік санитарлықгигиеналық тораптар орнатылды, оның 108-і соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Осы жылы 13 модульдік павильон орнатылмақ. Алдағы кезеңде жол бойы сервисін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Бұл жұмыс республикалық маңызы бар автожолдарды салу жəне қайта жаңарту жобалары аясында жүргізіледі. Атап айтқанда, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін көпфункционалды сервистік аймақтар кезең-кезеңімен құрылатын болады. Халықаралық жəне республикалық маңызы бар автожолдарды одан əрі дамыту жұмыстары Көлік министрлігінің ерекше бақылауында. Ұлттық оператор өз кезегінде жобаларды сапалы əрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 14:57 1101
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президентке елдегі криминогендік ахуал туралы және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Ержан Сәденов биылғы екі айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 8 пайызға төмендегенін жеткізді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 мыңға аз. Құқықбұзушылықтың негізгі санаттарындағы көрсеткіш төмендеп, қылмыстарды ашу деңгейінің артқаны байқалады.
Интернет-алаяқтыққа қарсы жүйелі күрес жалғасуда. Алдын алу шаралары және шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың арқасында киберқылмыс көлемі 4 пайызға төмендеді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 11 топтың қызметі тоқтатылды.
Есірткі қылмысына қарсы күрес белсенді түрде жүргізіліп келеді: бес есірткі зертханасы жойылды. 881,5 кило әртүрлі есірткі заттарының, соның ішінде 104 килодан астам синтетикалық есірткінің заңсыз айналымға енуіне жол берілмеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшелердегі құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану, көші-қон бақылауын күшейту және жазадан бұлтартпау жөніндегі шаралар туралы мәлімет берілді.
Азаматтарды қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. 2025 жылы "Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы" Заң қабылданды. Дропперлік, сталкинг және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 14:13 486
Үкіметте автожол жобалары мен өңіраралық жолдарды дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, "ҚазАвтоЖол" ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Көлік министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал 70 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі.
Алдағы үш жылда 32 мың шақырым жергілікті жолдарды нормативтік жағдайға келтіру, қамту көлемін бес есеге арттыру жоспарлануда. 2029 жылға қарай 10 мың шақырым жол орта мерзімді жөндеуден өтеді, оның 5 мың шақырымы қазірдің өзінде аяқталды.
Премьер-министр Олжас Бектенов "Қарағанды - Жезқазған", "Бейнеу - Сексеуіл" және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын "Орталық - Батыс" жобасын жеделдету қажет. Жұмысты бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, "Орталық - Батыс" жобасын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Жол сапасы мәселелері бойынша әкімдіктерге азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндеу барысына бақылауды күшейту тапсырылды.
Сапалы жолдар - жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қана емес, сондай-ақ өңірлердің экономикалық өсуі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға да мүмкіндік береді. Жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстарында технологияларды қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру - Көлік министрлігіне ғана емес, әкімдіктерге де қатысты мәселе. Оны бірінші басшылар тұрақты бақылауда ұстауы тиіс", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл орайда ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді.
Бірақ олар негізінен ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Сондықтан, трассалардың бойында сервистік орталықтарды біркелкі ашып, жүргізушілерге жанармай бекеттері мен қонақ үйлерге дейінгі қашықтық туралы мәлімет беретін жол белгілерін орнату керек.
Сонымен қатар шекаралық өткізу бекеттерінің маңында жүргізушілерге қызмет көрсететін сервистік нысандар ашу бойынша шаралар қабылдануы тиіс.
Премьер-министр транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктеріне де сапалы қызмет қажет екенін атап өтті. Сервистік сегменттің бұл түріне сұраныс жоғары, оны отандық бизнес ұсына алады.
Жалпы, жаңа автожол жобаларын кешенді түрде жүзеге асырып, инфрақұрылымды дамытуды және жөндеу жұмыстарының толық көлемде аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
- Жол бойындағы сервисті дамыту. Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп 1 мамырға дейін тиісті стандарттар мен бизнесті ынталандыру шараларын сақтай отырып, әр өңірде жол бойындағы сервисті дамытудың егжей-тегжейлі картасын әзірлеу тапсырылды.
- Автожол саласын цифрлық трансформациялау ісі. Көлік және Жасанды интеллект министрліктеріне "ҚазАвтоЖол" компаниясы мен Сапа орталығына осы жылдың соңына дейін республикалық, жергілікті және қалалық желілер бойынша деректерді интеграциялап, жолдардың жағдайын, жұмыстардың барысы мен бюджет қаражатының тиімділігін бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырылды. Бұл объективті жағдайды нақты уақыт режимде бақылауға және ақауларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді.
- Қозғалыс қауіпсіздігі. Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерімен және әкімдіктермен бірге мамыр айының біріне дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарларын жаңартуды тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
04.03.2026, 02:33Қазақстан СІМ-де Аргентина Елшісінің сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады 04.03.2026, 10:54 2761Босния және Герцеговина Елшісі сенім грамотасының көшірмесін табыстады04.03.2026, 09:10 2356Газ саласында 25 жаңа перспективалы учаске геологиялық барлауға енгізіледі04.03.2026, 11:34 18366 760 мектеп мектептегі тамақтануды "Әлеуметтік әмиян" арқылы цифрлық есепке алуға көшті04.03.2026, 12:28 146Алматыда түзеу орталығының қызметкері қамауға алынды
26.02.2026, 22:48 227766Қазақстан Сыртқы істер министрі "Орталық Азия - Ұлыбритания" форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты26.02.2026, 17:47 227751Загребте жаңа Конституция жобасы таныстырылды26.02.2026, 23:04 227741Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады26.02.2026, 18:49 227741Қазақстан БҰҰ Туризм ұйымымен бірге өңірлік туристік хаб ретіндегі рөлін нығайтуда26.02.2026, 23:25 227731Қазақстан мен Ұлыбритания басым салаларда экономикалық серіктестікті тереңдетуде
26.02.2026, 22:48 227766Қазақстан Сыртқы істер министрі "Орталық Азия - Ұлыбритания" форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты26.02.2026, 17:47 227751Загребте жаңа Конституция жобасы таныстырылды26.02.2026, 23:04 227741Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады26.02.2026, 18:49 227741Қазақстан БҰҰ Туризм ұйымымен бірге өңірлік туристік хаб ретіндегі рөлін нығайтуда26.02.2026, 23:25 227731Қазақстан мен Ұлыбритания басым салаларда экономикалық серіктестікті тереңдетуде

