05.05.2020, 17:07 16360

Ардагерлерге қамқорлық көрсету әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады - Әукенов

Ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1025 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 123 217 ҰОС-та Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтар тұрады.

Алматы. 5 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстанның барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі -ҰОС) қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн. теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті.

Өз сөзінде вице-министр соғыс кезінде майданға 1 млн. 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылғанын, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылғанын хабарлады. Жауынгерлік ерліктері үшін мыңдаған қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1025 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 123 217 ҰОС-та Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтар тұрады.

"Өз елінің өткенін білу және құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау - әрбір адамның парызы. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан баршаңызды келе жатқан жарқын мереке - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! 75 жыл бойы ардагерлерге қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады", - деді Ерлан Әукенов.

Мәселен, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын ұлғаюда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 5% - ға, ынтымақты зейнетақы бойынша 7% - ға өсті. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төлемдердің мөлшері тағы 5%-ға индекстелді. Нәтижесінде 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

- ҰОС қатысушыларына - 164 542 теңгені;

- ҰОС мүгедектеріне - 169 762 теңгені;

- ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдарға - 156 000 теңгені;

- ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдарға - 109 427 теңгені;

- ҰОС жылдарында тыл еңбеккерлеріне - 107 577 теңгені құрайды.

"Сонымен қатар, ардагерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Жеңілдікті тұрғын үй алады, салық салу бойынша жеңілдіктері бар, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуден тегін өтеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге өмірлік қиын жағдайда немесе мереке (атаулы) күндері материалдық көмек, тұрғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді", - деп толықтырды вице-министр.

Жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңістің 75 жылдығына орай жергілікті бюджеттерде осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы, азаматтардың келесі санаттарына жататын 124 242 адам үшін біржолғы төлемдер қарастырылған: ҰОС қатысушылары мен мүгедектері (1025 адам), Қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары (289 адам), қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) (4 866 адам), ҰОС кезінде қаза болғандардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109 040 адам), ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар (8 920 адам).

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС-дағы Жеңіске үлес қосқан азаматтардың барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілді шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне барлық өңірлерде 1 млн. теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және концлагерлердің жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына -50 мың теңгеден кем емес беріледі. Қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне - 30 мың теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек беріледі", - деді Ерлан Әукенов.

Республиканың 7 өңірінде төлемдер аяқталды (Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қызылорда, Нұр-сұлтан, Алматы қалалары).

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында ардагерлерге "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы" мерейтойлық медальдары, сондай-ақ дәстүрлі азық-түлік себеттері беріледі.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны