Қазақстан мен АҚШ арасында өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылды - Тоқаев
АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі
Сурет: akorda.kz
Астана. 28 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өтті.
Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілері кездесуінің Астанада өтуі маңызды екенін атап өтіп, Құрама Штаттардың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерін құптады.
Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз", - деді Энтони Блинкен.
Сонымен қатар Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденге жүрекжарды сәлемін жолдады.
Естеріңізге сала кетейік, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ұшып келген болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.