04.05.2022, 17:36 18391

Қазақстанда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды

Қазақстанда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 4 МАМЫР - Қазақстанда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды, Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаевқа ауыстырылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен қаулы етті:
 
1. Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілсін.
 
2. Мыналар:
 
1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;
 
2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;
 
3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын. 
 

Алматы облысының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағынысты мекемелерi Қонаев қаласына көшірілгенге дейiн Талдықорған қаласында орналасады деп белгiленсiн", - делінген Ақорда сайтында жарияланған Жарлықта.

 
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесімен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін және осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.
 

Орталық мемлекеттік органдар, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдасын", - делінген құжатта.

 
Осы Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
 
Еске сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде екі жаңа облыс: Абай және Ұлытау облыстарын құруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Алматы облысы Жетісу және Алматы облыстарына бөлінеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны