05.10.2021, 19:31 39261

Қазақстанда қолданылмайтын оқ-дәрілер жойылады

НҰР-СҰЛТАН. 5 ҚАЗАН - Қорғаныс министрлігі әскери саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюға кіріседі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Инспекциялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе түгендеу нәтижесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайды деп танылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату болып табылады, деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде.
 

Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жөніндегі жұмысты уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді. Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады", - деп түсіндірді ведомствода.

 
Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс ведомствосы Үкімет қабылдаған қаулыны әзірледі. Оған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жоятын болады. Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрліктің бірлескен бұйрығы айқындайды.
 
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт шыққан болатын. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмады және ол басқа қоймаларға таралды. Өрт және 10-нан астам жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан он жеті адам қайтыс болды: азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің алты әскери қызметкері және бір әскери прокурор. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны